
Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде сәуір айында жағдай біршама түзеле бастады. Соңғы төрт айдың ішінде алғаш рет жаңа тапсырыстар келе бастаған. Өндіріс көлемі мен жұмыс орындары әлі де азайып жатқанымен, төмендеу қарқыны наурыз айымен салыстырғанда айтарлықтай баяулаған.
Іскерлік белсенділік индексі (PMI) сәуірде 48,9 балды құрады (наурызда 47,4 болған). Бұл көрсеткіш әлі де 50 балдан төмен болғанымен, қаңтар айынан бері ең жақсы көрсеткіш саналады.
Тапсырыстар мен өндіріс жағдайы
Үш ай бойы төмендеп келген тапсырыстар саны сәуірде қайта өсті. Кәсіпорындар нарықтағы сұраныстың аздап болса да жандана бастағанын хабарлады. Алайда жылдың бірінші тоқсанындағы сұраныстың төмен болуына байланысты компаниялар өндіріс көлемін әлі де шектеп отыр.
Бір қызығы, жиналып қалған ескі тапсырыстарды орындау қарқыны соңғы жылдардағы рекордтық деңгейге жақындады (2020 жылдың қаңтарынан бергі ең жоғары жылдамдық). Бұл қоймадағы дайын өнімдердің азаюына алып келді.
Бағаның өсуі және инфляция
Таяу Шығыстағы соғыс Қазақстан өндірушілеріне де әсер етті. Жанармай мен мұнай бағасының қымбаттауы, сондай-ақ логистикалық шығындардың артуы шикізат бағасын өсірді.
Соның салдарынан кәсіпорындар өз өнімдерінің бағасын да көтеруге мәжбүр болды. Дегенмен қымбатшылық жыл басындағы (қаңтардағы) ҚҚС мөлшерлемесі өскен кездегідей қатты сезілген жоқ.
Жұмыспен қамту және болашаққа деген сенім
Өндірістік қуаттың толық пайдаланылмауынан компаниялар әлі де жұмысшылар санын және сатып алу белсенділігін азайтып жатыр. Десе де, бұл үрдіс наурыз айына қарағанда бәсеңдеген.
Ең басты қуантарлық жайт – кәсіпкерлердің болашаққа деген сенімі соңғы алты айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Респонденттердің жартысына жуығы 2027 жылы өндіріс көлемі артады деп күтеді. Олар сәуірде басталған тапсырыстар ағыны алдағы уақытта да жалғасады деп үміттеніп отыр.
Айта кетейік, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 207 912 жеке кәсіпкер (ЖК) қызметін тоқтатты. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (82 874) көрсеткіш екі жарым есе артқан.