Қостанайда өткелде жаяу жүргіншіні қағып өлтірген жүргізуші 2 жылға сотталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Фото: KursivMedia мұрағаты
Фото: KursivMedia мұрағаты

Қостанайда жаяу жүргіншілер өткелінде адамды қағып өлтірген көлік жүргізуші 2 жылға сотталды.

Қостанай қаласының №2 сотында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, абайсызда адамды қағып өлтірген көлік жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қаралды.

Кісі өлімі

«2025 жылғы желтоқсан айында Қостанай қаласында Е. «ВАЗ 2114» маркалы автокөлігін басқара отырып, Қобланды батыр даңғылы бойымен елдімекенде белгіленген жылдамдықтан асып қозғалып, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өтіп бара жатқан Ш.-ны қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болған», – делінген сот хабарламасында.

Тараптардың ұстанымы

Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру және 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды өтінді. Жәбірленуші тарап та соттан оны бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.

Сот үкімі

Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген мүліктік және моральдық зиянды толық өтегенін, шын жүректен өкінгенін және кінәсін толық мойындағанын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.

Сот сотталушының жеке басын, оның жол қозғалысы қауіпсіздігі қағидаларын жүйелі түрде бұзуға бейімділігін және істің мән-жайларын ескере отырып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және 3 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мұның алдында сот Жамбыл облысында қайыр сұраған ұлы үшін анасын жауапқа тартты.

Сондай-ақ оқыңыз