«Шындық жарыққа шығады»: «Дикий Арманның» Құран ұстап, ант-су ішкен видеосы тарады

Әлеуметтік желіде Қаңтар оқиғасынан кейін 20 жылға сотталған «Дикий Арман» лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиевтің видеосы тарады.
«Шындық ерте ме, кеш пе ортаға шығады. Құран ұстап тұрып, ант етемін. Ешқандай қастандық болған емес, мемлекет пен халыққа қарсы шыққан емеспін. Не істесем де бәрін Алла мен халық үшін істедім», – дейді Жұмагелдиев видеода.
KursivMedia Арман Жұмагелдиевтің видеосы қашан түсірілгеніне қатысты ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен сұрады. Комитет ақпаратына сәйкес, колониядағы тәртіп бойынша сотталғандар сақал-мұртын қырады. Соған байланысты комитет видео ескі екенін мәлімдеді.
Алматыда 44 адам сотталды
Қаңтар оқиғасынан кейін «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев, бұрын депутат болған Қайрат Құдайберген және ҰҚК полковнигі Руслан Ысқақовқа және тағы 40 адамға қатысты тергеу басталды.
Араға бірнеше жыл салып, Арман Жұмагелдиев 20 жылға, Қайрат Құдайберген 8 жылға, Руслан Ысқақов 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Олар бір топ адамды ұрып-соғып, күштеп ұстады деп айыпталды. Бас прокуратура мәліметінше, Жұмагелдиев 24 адамды ұрлап, Алматыдағы Ritz Carlton және «Қазақстан» қонақүйлерінің паркингтерінде ұстаған. Ал 6 қаңтарда «Қазақстан» қонақүйіне келген жақтастарына Glock және Макаров тапаншаларын таратқан.
Бұған дейін Арман Жұмагелдиевтің қырғызстандық дизайнер Айколь Аликжанова ажырасып кеткені айтылды.