Зейнет жасы ұлғая ма: Еңбек министрлігі жауап берді

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
зейнетақы зейнет
Зейнет жасы ұлғая ма: Еңбек министрлігі жауап берді / Фото: Shutterstock

Қазақстанда ерлер үшін зейнет жасын көтеру жоспарланбаған, алайда әйелдер үшін ол кезең-кезеңімен 63 жасқа дейін өседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Kursiv.Media сауалына берген жауабынан белгілі болды.

Ведомство өкілдері зейнетақы төлемдері ерлерге 63 жасқа толғанда, ал әйелдерге 61 жастан бастап тағайындалатынын еске салды.

«Ерлер үшін зейнет жасын ұлғайту жоспарланбаған. Әйелдерге келетін болсақ, 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап 2031 жылға дейін заңмен бекітілген зейнет жасын кезең-кезеңімен (жарты жылдан) арттыру жалғасады», – делінген жауапта.

Кесте келесідей:

  • 2028 жыл – 61,5 жас;
  • 2029 жыл – 62 жас;
  • 2030 жыл – 62,5 жас;
  • 2031 жыл – 63 жас.

Әлеуметтік кодекс азаматтардың жекелеген санаттары үшін зейнетке мерзімінен бұрын (жеңілдікпен) шығу құқығын қарастырады.

Біріншіден, бұл – ядролық сынақтардан зардап шеккен адамдар. Әңгіме 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығында Семей ядролық полигоны аумағындағы төтенше және ең жоғары радиациялық қауіп аймақтарында кемінде бес жыл тұрғандар туралы. Олар үшін зейнет жасы төмендетілген: ерлер 50 жаста, әйелдер 45 жаста зейнетке шыға алады.

Екіншіден, жеңілдік көпбалалы аналар үшін қарастырылған. Бес және одан да көп бала туған немесе асырап алған және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жастан бастап зейнетке шығуға құқығы бар.

Осыған дейін сенат депутаты Амангелді Нұғманов азаматтарды жасына қарай емес, еңбек өтіліне қарай зейнетке шығару үлгісіне көшуді ұсынған.

Сондай-ақ оқыңыз