Экономика

Есепшоты бұғатталған компания Алматыдағы ЖЭО-ны жаңғыртумен айналысып жатыр

Алматыдағы ЖЭО-ның мердігері қандай компания / Фото: almatydc.kz, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматыдағы ЖЭО-3 нысанын жаңғыртумен KBI Energy Group компаниясы айналысады. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» басшысы Қайрат Мақсұтов хабарлады. Алайда журналистер аталған компанияның мүлкі мен шоттарына тыйым салынғанын, сондай-ақ нотариалды іс-әрекет жасауға шектеу қойылғанын анықтаған. Тілшілер «Самұрық-Энерго» басшысынан:

«Осындай компания ЖЭО құрылысын аяғына жеткізетініне сенімдісіз бе?»,- деп сұрады.

Осы мәселеге қатысты түсініктеме берген Мақсұтов компания ребрендингтен өткенін және электр энергетикасы саласында тәжірибесі мол, сондықтан жобаны жүзеге асыруға қауқарлы екенін мәлімдеді.

Ребрендинг сонау 2023 жылы жасалған және шектеулер әлі күнге дейін күшінде екеніне қарамастан, ұлттық компания басшысы мердігерлердің құрылтайшылары туралы ақпаратты білу маңызды емес деп есептейді.

«Мен мердігерлеріміздің құрылтайшылары туралы ақпаратты білмеймін. Бұл маған қажеті жоқ мәлімет екенін түсінесіздер ғой?», – деді ол.

Жобаның бюджеті қанша

Жобаны жүзеге асыруға жалпы алғанда 266 млрд теңге бөлінген, оның үштен бір бөлігі қазірдің өзінде төленіп қойған.

Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 станцияларын газға көшіру жұмыстары жүріп жатыр, аталған жобалар 2026 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.

KBI Energy компаниясы бұған дейін Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2 нысандарында жұмыс істеген, сондай-ақ Ақсу қаласында қазандық құрылысын жүргізген болатын.

Үкімет басшысы қатаң тапсырма берді

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» басшысына Алматы ЖЭО-3 құрылысын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

«Маған жеткен ақпарат бойынша, Алматыдағы ЖЭО-3 құрылысының мерзімі созылып барады. Барлық жұмыс уақытында аяқталуға тиіс екені есіңізде болсын. Бұл сізге жүктелген жауапкершілік»,- деді Олжас Бектенов.

Ашық деректерде компания құрылтайшысы USI Management-FZCO деп көрсетілген. Ол Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген.