«Дабыл қағылған жоқ»: «Қазмырыштағы» жарылыс туралы куәгерлер не дейді (фото)

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Businness news бөлімінің тілшісі
Өскемен Қазмырыш зауыты жарылыс
Өскемен Қазмырыш зауыты жарылыс

5 мамыр таңертең Өскемендегі жарылыс тек қала тұрғындарын ғана емес, елді дүр сілкіндірді. Қазақстандағы ең ірі металлургиялық зауыттың бірі «Қазмырышта» болған төтенше жағдайдың зардабы әзірге толық жарияланған жоқ. Ресми органдар ақпаратты там-тұмдап хабарлап жатыр. Нақты өрт аумағы қанша, жарылыс деңгейі қандай көлемде екені де белгісіз. Kursiv Media Өскемен әкімдігіне, тұрғындарға хабарласып, анықтап көруге тырысты.

Жарылыстан құрбан болғандар бар

Редакция жарылыс болған зауытта жұмыс істейтін қызметкерге хабарласты. Өрт шыққанда ол цехта жүрген.

«Өрттің көлемі зауыттың жартысына дейін жетті. Дабыл да қағылған жоқ. Бірақ жарылыс көлемі үлкен болды. Бәріміз бірден маска киіп алуға тырыстық. Краншы тіпті жарылыстан алысқа ұшып кетті», – деді ол.

Аты-жөнін атамауды өтінген «Қазмырыш» қызметкері зардап шеккендер жайлы толық ақпараттан хабарым жоқ екенін айтты. Зауыт ішінен әлі де адамдарды шығарып жатыр екен.

Бауыры зауытта жұмыс істейтін Венера Микенова да осыны айтады.

«Бауырым сонда істейді. Екі адам қайтыс болды, үш адам жедел жәрдеммен кетті деді. Әлі де зардап шеккендер бар екен шықпаған. Біз алыста болғандықтан сезілген жоқ, көрінген жоқ. Бірақ жанында болғандар жер сілкінісі болды деп ойлапты», – деді ол редакция тілшісіне.

Өскемендегі тұрғындар, кейбір зауыт қызметкерлері Kursiv.Media редакциясына суреттер мен видео жіберді. Оның бірінде денесін қан жуған, киімінің жұлым-жұлымы шыққан қызметкер отыр, бірақ этикалық мәселеге байланысты жарияламадық.

Ал бір суретте бетін жапқан екі адамның денесі жатыр. Әзірге нақтыланбаған ақпарат бойынша, екі адам қайтыс болған. Бірақ ресми органдар бұл ақпаратты растамады.

«Қазмырыш» зауытының алдындағы екі адамның денесі / фото Kursiv Media редакциясына келді
«Қазмырыш» зауытындағы жарылыс / фото Kursiv Media редакциясына келді
Өскемендегі жарылыс зауыт Қазмырыш
«Қазмырыш» зауытындағы жарылыс / фото Kursiv Media редакциясына келді
Қазмырыш зауытындағы жарылыс / фото Kursiv Media редакциясына келді

«Ауада улы зат бар»

Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Болатбек Омарханұлының сөзінше, қазір арнайы жедел штаб құрылған. Оған әкімдік қызметкерлерінен бөлек, төтенше жағдай мамандары, экологтар қосылған.

«Көлемі қандай, зардап шеккендерге қатысты барлық ақпарат сол жедел штабтан келеді. Экологтар тексеріп жатыр, солардың қорытындысынан кейін шешім қабылданады», – деді ол.

Зауытта жарылыс болды дегеннен кейін тараған алғашқы хабарламаның бірі – ауаның ластануы туралы. Облыстық экология департаментінің мамандары ауа сапасын тексеріп жатқанын хабарлады. Тұрғындар улы заттар ауаға тарайды деп қауіптенеді. Мессенджерлерде «терезені жабыңыздар, далаға шықпау керек» деген ақпарат тарап үлгерген.

Өскемендегі тұрғындардан келген хабарлама, скрин
Өскемендегі тұрғындардан келген хабарлама, скрин

Өскемендегі мектептің бірінде сабақ беретін Әсем жұмыс істеу қиындап кеткенін айтты.

«Сабаққа келдік, балалардың бәріне маска кигіңіздер деді. Терезенің бәрін жауып тастадық, балалар жөтеліп жатыр. Қайта-қайта су, сүт ішіңдер дейді, оны бізге кім береді? Балалар қатты жөтеліп жатыр», – деді ол редакция тілшісіне.

Бастапқыда мектептер қашықтан оқуға көшірілуі мүмкін деген ақпарат тараған. Бірақ облыс әкімдігі мектепте сабақтар сол күйінде жалғаса беретінін хабарлады.

Жоғарыда сөйлескен Венера Микенова да терезін қымтап отырғанын айтады.

«Терезенің бәрін жауып отырмыз, жұмыста жаптырып тастады. Жұмыста отырыңдар, далаға шықпаңдар деген хабарлама келіп жатыр», – деді ол.

Нақты зауыттағы жарылыстың көлемі, деңгейі белгісіз. Бірақ желіде тараған суреттерге қарасақ, өндіріс орнына өте үлкен зиян келгені байқалады.

Зардап шеккендер туралы да ақпарат әртүрлі. Алғашында төрт адам зардап шеккені жайлы дерек шықты, бірақ кейінірек олардың саны тоғызға дейін жетті.

Жарылыс «Қазмырыш» компаниясының металл балқыту цехында болған. Нысан Өскемендегі Промышленная көшесінде орналасқан. Мұнда мыс, бағалы металдар және қорғасын балқытылады.

Құтқарушылар сейсенбі күні сағат 9:35-те өрт оқшаулағанын хабарлады. Оқиға орнында 40 құтқарушы жүр. 10 техника тартылған. Өрт аумағы анықталып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз