Өскемен қаласында «Қазмырыш»  зауыты өртеніп жатыр (видео)

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Өскемен қаласында зауыт жарылды
Өскемен тұрғындарын шошытқан жарылыс / фото: Instagram/Oskemenlive

5 мамырда таңертең Өскемен қаласында «Қазмырыш» компаниясының металл балқыту зауыты өртенді. Тоғыз адам зардап шеккен. Үшеуінің жағдайы ауыр екені хабарланды.Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өндіріс цехында шаңнан тазарту құрылғысы жарылған.

«Қазмырыштағы» жарылыс

Шұғыл штаб құрылды. Жарылыс «Қазмырыш» компаниясының металл балқыту цехында болған. Нысан Өскемендегі Промышленная көшесінде орналасқан. Мұнда мыс, бағалы металдар және қорғасын балқытылады.

Құтқарушылар сейсенбі күні сағат 9:35-те өрт оқшаулағанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, оқыс оқиғадан тоғыз адам зардап шеккен. Үш адамның жағдайы ауыр екені мәлім. Оқиға орнында 40 құтқарушы жүр. 10 техника тартылған. Өрт аумағы анықталып жатыр.

Тұрғындардың зәресін алды

Қала шетіндегі өндіріс аумағындағы жарылыс тұрғындардың зәресін алды. Әлеуметтік желілерде аспанға көтерілген ақ түтіннің суреті мен видеолары тарап жатыр.

Ауа сапасын тексереді

Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің мамандары оқиға орнында жүр:

«Екі нүктеден ауа сынабын алдық. Жалпы төрт-бес нүктенің ауасын тексереміз. Бастысы – солтүстік-батыстағы нысан. Өндіріс орнына енді жеттік. Әзірге қандай да бір өзгеріс туралы айтуға ерте», – дейді Шығыс Қазақстан облысының бас экологы Әсет Сүлейменов Kursiv.Media басылымына.

Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметтің сейсенбідегі отырысында Өскемендегі оқиға туралы айтып, тиісті мекемелерге тапсырма берді.

Сондай-ақ оқыңыз