Өскеменде жарылыс болған зауыт кімге тиесілі

«Қазмырыш» тау-кен компаниясының Өскемен қаласында орналасқан зауытында 5 мамыр күні жарылыс болып, екі адам қаза тапты. Тағы бес жұмысшы зардап шеккен. Ресми мәлімет бойынша, зауыт цехындағы түтінсорғышты тазалау барысындағы жарылыс салдарынан өрт шығып, конструкциялар құлаған. Бұл кәсіпорын кімге тиесілі, оның ел экономикасындағы үлесі қандай?
«Қазмырыш» компаниясы – алты бірдей елдімекендегі өндіріс ошағын біріктірген Қазақстандағы ең ірі тау-кен металлургиялық алпауыттың бірі. Кәсіпорын мыс, бағалы металдар және қорғасын сияқты ілеспе металл түрлерін қоса өндіреді. Компанияның негізгі кәсіпорындары Шығыс Қазақстан, Ақмола және Ұлытау облыстарында орналасқан.
Нарыққа 23 түрлі өнім шығарады
Төрт бірдей модернизацияланған байыту фабрикасы мен қос металлургиялық кешенді қамтитын алпауыт кәсіпорында мердігер ұйымдарды қоса алғанда, 29 000-ға жуық адам еңбек етіп жатыр.
Дайын өнімнің 23 түрін нарыққа шығарып отырған кәсіпорынның басты мақтанышы – алтын өндірісі. Банктер сататын алтын құймалардың 80%-ы дәл осы «Қазмырыш» пештерінде балқытылады. Асыл металдары Лондон бағалы металдар биржасының (LBMA) «Good Delivery» сапа белгісіне ие болып, әлемдік деңгейде «Deer» маркасымен танылған.
Қалдықтардың 18 түрін қайта өңдейтін және суды 98%-ға дейін толық айналымда пайдаланатын кәсіпорын Шығыс Қазақстан облысының экономикалық тірегі саналады. Себебі аймақ бюджетінің 40%-ы осы компания төлейтін салық есебінен толығады.
Акционері ауысуы мүмкін
Іргетасы 1997 жылы қаланған кәсіпорынның бас инвесторы – швейцариялық Glencore International AG компаниясы. «Қазмырыш» компаниясын Kazzinc Holdings серіктестігі басқарады. Кәсіпорынның 70,2 пайыз үлесі бас инвесторға тиесілі болса, қалған бөлігі «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясының иелігінде.
Bloomberg және Reuters агенттіктерінің хабарлауынша, «Integra Construction» компаниясының иесі, қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп «Glencore Plc» трейдерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Кәсіпкер «Қазмырыш» компаниясының шетелдік инвесторға тиесілі 70,2 пайыз үлесін сатып алуы ықтимал.
2026 жылдың 21 қаңтарында Мүтәліп «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) мыс, қорғасын және мырыш өндірумен айналысатын екі бірдей компанияны тіркеді.
Оның бірі «KazZinc Group Ltd» деп аталса, негізгі қызмет бағыты ретінде мыс пен қорғасын-мырыш кендерін өндіру және байыту көрсетілген.
Сарапшылардың бағалауынша, активтің құны шамамен 5 млрд долларды құрайды. Швейцариялық топтың мұндай қадамға баруына аустралиялық «Rio Tinto» тау-кен алыбымен бірігу туралы келіссөздердің сәтсіз аяқталуы себеп болған. Енді «Glencore» мыс өндірісіндегі позициясын нығайту мақсатында басқа активтерін сатуға ден қоймақ.