Өскемендегі апат: Еңбек министрлігі арнайы комиссия құрып жатыр

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазмырыш» компаниясының Өскемендегі зауытындағы жарылысқа байланысты арнайы комиссия құрып жатыр. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі Kursiv.Media басылымына хабарлады.
«Комиссия құрылып жатыр. Бүгін толық жасақталады. Оны ШҚО мемлекеттік еңбек инспекторы Бақытбек Қизатов басқарады. Комиссия құрамына өндіріс қауіпсіздігі саласының өкілдері, жұмыс берушілер және жұмысшылар өкілі кіреді», – деді министрлік өкілі Kursiv.Media басылымына.
Еңбек министрлігі оқиғаны толық тексеру аяқталғанша қандай да бір тұжырым жасауға асықпайды. «Қазмырыш» компаниясы жарылыс цехтағы түтін сорғышты тазалау кезінде болғанын хабарлаған.
Естеріңізге сала кетейік, 5 мамыр, сейсенбі күні таңертең Өскемен қаласының өндіріс аймағында орналасқан «Қазмырыш» компаниясы зауытында жарылыс болды. Дүмпу мен әуеге көтерілген түтін қала тұрғындарының зәресін алды.
Өндіріс орнындағы оқыс оқиғадан екі адам қаза болып, бес адам жараланғаны хабарланды.
Премьер-министр Олжас Бектенов зауыттағы жарылысты жеке бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеген. Өскемен әкімі қала тұрғындарын сабырға шақырды.