Қалқаманда 500-ге тарта үй сүріле ме: әкімдік пен тұрғындар келісе алмады

Алматы қаласы Қалқаман-2 ықшамауданындағы жер үйлердің орнына көпқабатты тұрғын үй кешені салынады дегенді естіген тұрғындар «Алматыбасжоспар» мекемесінің алдына жиналды.
«Ешкім бізге айтқан да, хабарласқан да жоқ»
Наразы тұрғынның бірі – Ханымзия Әбілқайырова. Жасы 76-да. Зейнеткер. Ол өзгерістерден хабарсыз болып келгенін айтады.
«Қалқаман-2 тұрып жатқаныма 14 жыл болады. Үйімізді бес жыл салып, бітіріп кірдік. Содан бері тұрып жатырмыз. Өзгеріс болып жатқанынан үш жылдан бері хабарсыз екенбіз. Көршілеріміз келіп, Бас жоспардан біздерді жеке тұрғын үй құрылысынан алып тастап, орнына көпқабатты тұрғын үй салуды енгізіпті дегенді айтты. Жобаға 2025 жылы қол қойылып кеткен екен. Оны біз білмейміз. Ешкім бізге айтқан да жоқ. Хабарласқан да жоқ», – дейді Ханымзия Әбілқайырова.

Сөзіне қарағанда, ол бұл жайында бір ай бұрын ғана білген. Қалған көршілері әркімнен бір естіп жүрген көрінеді. Наурыз айында Қалқаман-2 тұрғындары бас қосып, үйлерін сақтап қалу үшін ұйымдасқан.
«Бірнеше инстанциядан өтіп келе жатырмыз. Қала бойынша бірнеше кездесу өткенін айтады. Ол кезде болған жоқпын. Бірақ Қалқаман-2 тұрғындарын қабылдайды деген соң келіп тұрмыз», – дейді Ханымзия.
Тұрғындар талабы
Тұрғындардың талабы – 2023 жылға дейін бас жоспардағы жобаны қайта қалпына келтіру. Яғни үйлерін сақтап қалу.
«Біздің құқығымызды бұзбай, тұрып жатқан екі қатар салынған коттеджді қалашықты қалдырғанын қалаймыз. Өзіміз салдық. Өзімізге ыстық. Алматының бас жоспарына қайтадан Қалқаман-2 болып кіргенін қалаймыз. Ол үйлер заңды салынды. Жасыл аудан. Барып көрсеңіз, сүрілетін ауданға ұқсамайды. Бұл тосын жағдай. Бұған біз қарсымыз. Ол жерде 447 үй бар деп айтылады», – дейді Ханымзия Әбілқайырова.
Басталуынан аяқталуы тез болған жиын

«Алматыбасжоспар» мекемесіне жиналған тұрғындарға Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Алмас Жанбыршы шықты. Басқарма басшысы тұрғындармен өзара әңгімелескісі келетінін айтып, журналистерді кездесу өтетін акт залдан шыға тұруды сұрады. Бұған белсенді бір-екі тұрғын қосылып, ақыры журналистер сыртта тосты.
Алайда кездесу ұзаққа созылмады. Акт залдан шыққан тұрғындар күту керек екенін, әкімдікпен келісімге келе алмағанын жеткізді.
Қалқаман-2 айналасындағы шу
Жергілікті халық әкімдік тұрғындардың басым бөлігіне ескертпестен, шағын аудан жерлерінің нысаналы мақсатын жеке тұрғын үй құрылысынан көпқабатты үй салуға арналған мақсатқа өзгерткеніне наразы.
Олар аталған жайт туралы кездейсоқ, интернеттен жаңа бас жоспарды көріп қалып білдік деп отыр. Тұрғындардың сөзінше, қазіргі уақытта заңды түрде салынған 500-ге тарта үйге қауіп төніп тұр. Олар бұған дейін «Алматыбасжоспар» мекемесі Қалқаман-2-ні бұзу жоспарда жоқ деп сендіріп келгенін айтады.