Қазақстандағы 5 жылу электр орталығы қауіпті «қызыл» аймақта тұр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстандық ЖЭО-лар жөндеуде өтіп жатыр /t.me/KZgovernment бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Былтырғы жылыту маусымында 5 жылу электр орталығы «қызыл аймақтан» «сарыға», ал тағы үшеуі «жасыл аймаққа» ауысқан. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың мәлімдеуінше, қазір «қызыл аймақта» қалған соңғы 5 станция бойынша қаржыландыру 40 пайызға артып, арнайы жұмыс жоспары бекітілген.

Комитет тарапынан апта сайын бақыланатын бұл нысандарды жыл соңына дейін қауіпті аймақтан шығару көзделіп отыр.

2025 жылы электр станцияларын жөндеуге 348 млрд теңге бөлініп, қаржыландыру 6 пайызға өссе, биыл бұл көрсеткіш тағы 9 пайызға артып, 384 млрд теңгеге жетті.

Бұл ретте премьер-министр Олжас Бектенов энергетика нысандарында жөндеу жұмыстарының көлемі мен оларды қаржыландыруды қысқартуға тыйым салды

«Энергетика министрлігімен бірлесіп, «KEGOC» компаниясы 25 мамырға дейін ұлттық маңызы бар стансаларға арналған жабдықтардың жұмыс режимдерін бекітуі керек. Жұмыстардың көлемі мен оларды қаржыландыруды қысқартуға тыйым саламын. Әрбір факт бойынша меншік иелеріне, сол сияқты басқарушы компанияларға қатысты шаралар қабылданады», – деді Олжас Бектенов.

Былтыр жылу желілерін жаңартуға бөлінген қаржы да 16 пайызға артып, 129 млрд теңгені құрады. Осы қаражат есебінен өткен жылыту маусымында 10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбина күрделі жөндеуден өтсе, биылғы кестеге сәйкес тағы 9 энергоблокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны ретке келтіру көзделген.

Сонымен қатар, 17 мың шақырымнан астам электр желісі мен 323 шақырым жылу құбыры жаңартылып, биыл тағы 377 шақырым жылу желісін реконструкциялау жұмысы жағасып жатыр.

Бұл шаралар негізгі жабдықтардың тозу деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді: қазіргі уақытта электр станцияларының тозу көрсеткіші 53 пайызды, жылу желілері 50 пайызды және электр желілері 66,2 пайызды құрайды.

Алайда жылу-электр орталықтарының отынға берешегі азаймай тұр. Вице-министрдің айтуынша, қарыз көлемі 38 млрд теңгеге жуықтаған.

Сондай-ақ оқыңыз