Қазақстан 2027 жылға қарай Ресейден электр энергиясын сатып алуды тоқтатпақ

Жарияланды
Электр энергиясының импорты / фото: gemini AI

Қазақстан 2027 жылға қарай Ресейден электр энергиясын сатып алуды толық тоқтатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді. Негізгі мақсат – елдің жеке энергетикалық нысандарын дамыту арқылы сыртқы көздерге тәуелділіктен арылу. Министрлік өкілінің сөзінше, егер ел қуаттылығы артса, алдағы бірнеше жылда Ресейден келетін ток көлемін нөлге дейін түсіруге толық мүмкіндік бар.

Электр энергиясы тапшылығының төмендеу қарқыны

Елдегі электр энергиясының жетіспеушілігі соңғы жылдары жүйелі түрде азайып келеді. Мәселен, 2024 жылы елдегі тапшылық 2,1 млрд кВт/сағ болса, 2025 жылы 1,5 млрд-қа дейін қысқарған. Биыл Қазақстанның өз ішінде өндірілетін ток пен халықтың тұтыну қажеттілігі арасындағы айырмашылық 1-1,2 млрд кВт/сағ деңгейінде болады деп болжанып отыр. Егер осы оң динамика сақталса, 2027 жылы ішкі сұраныс толықтай отандық станциялар есебінен жабылып, сырттан келетін импорт қажет болмай қалады.

Ресейлік компания табыстан қағыламақ

Қазіргі уақытта Ресейдің «Интер РАО» компаниясы Қазақстан мен Грузияға электр энергиясын белсенді түрде сатып, айтарлықтай табыс тауып отыр. 2026 жылдың алғашқы үш айында компанияның экспорттық түсімі 43%-ға өсіп, 11,5 миллиард рубльге жеткен. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның әзірге көрші елдің энергиясына мұқтаж екенін көрсеткенімен, 2027 жылға қойылған жоспар орындалса, бұл сауда қатынастары түбегейлі өзгеруі мүмкін. Қазақстан қуатын арттыру арқылы тек қажеттілікті өтеп қана қоймай, энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуды көздейді.

Айта кетейік, Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда энергия көзінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кемінде 3-4 атом электр станциясы салынатынын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз