Шатырынан су кеткені Алматы әуежайы әкімшілік жауапқа тартылды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қатты жауыннан шатырынан су кеткен Алматы әуежайы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті хабарлады.

Ведомство мәліметінше, министрлік басшылығы Алматы халықаралық әуежайының әкімшілігімен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, терминал шатырының су басу фактісіне байланысты шұғыл кеңес өткізді. Соның нәтижесінде әуежайды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жауапкершілікке тартты. Нақты айтқанда техникалық мәселеге жетекшілік ететін аға вице-президент Мехмет Гюзельге тәртіптік жаза қолданылды.

«Әуежай жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады. Қазіргі уақытта анықталған кемшіліктерді жою бойынша шаралар күшейтіліп, барлық қажетті жұмыстар жедел режимде жүргізіліп жатыр», – деп жазылған комитет хабарламасында.

Шатырды жөндеу, су басу себептерін толық жою 6 ай ішінде реттеледі деп жоспарланып отыр. Министрлік алдағы уақытта әуежайларға қатаң бақылау орнататынын мәлімдеді.

«Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мұндай бұзушылықтар алдағы уақытта дереу тоқтатылатынын, азаматтық авиация саласындағы заңнама талаптарының сақталуына және авиациялық инфрақұрылым нысандарының үздіксіз жұмыс істеуіне қатаң бақылау қамтамасыз етілетінін мәлімдейді», – деп ескертеді министрліктен.

2-3 мамырдағы жауыннан мегаполистегі әуежайдың шатырынан су кеткен. Жолаушылар кей аймақты су алып, қызметкерлер тазалап жатқан видеосын әлеуметтік желіге жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз