
Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылы өтетін футболдан әлем біріншілігіне арналған күміс монеталардың сатыла бастағанын хабарлады. Бірегей туындының бағасы 29 мың теңге деп белгіленген.
Жаңа коллекциялық монета 925-ші сынамалы күмістен дайындалған. Оның дизайнында алтынмен аптау және түрлі-түсті баспа элементтері қолданылған. Номиналы: 1 000 теңге, таралымы небәрі 1 500 дана (тек ішкі нарық үшін).
Ұлттық банктің хабарлауынша, бұл монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында өзінің номиналды құнымен (1 000 теңге) кез келген төлем түрі бойынша қабылдануға міндетті. Сондай-ақ, оларды банк шоттарына аударуға, кез келген банкте айырбастауға немесе ұсақтауға болады.
Айта кетейік, коллекциялық туындылар Қазақстан теңге сарайында дайындалған. Шектеулі таралыммен шыққан бұл монеталар уақыт өте келе нумизматтар арасында құнды жәдігерге айналуы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ-та Трамп бейнеленген мерейтойлық алтын монета шығатынын жазған едік.