
Танымал блогер Daricorn (Дариға Нұркеева) желідегі шулы оқиғалардан кейін тыңдармандарына жаңа туындысын ұсынды. «Бетперде» атты әні мен бейнебаяны жарыққа шыға салысымен, әлеуметтік желіде талқыға түсті.
Көптеген тыңдарман әнді блогердің жеке өміріндегі соңғы өзгерістермен байланыстырып отыр. Әсіресе, Дарикорн мен оның жолдасы Дархан Жолшыбековтің қарым-қатынасы туралы қауесеттердің көбеюі, тіпті «олар ажырасып кетті ме» деген сауалдардың туындауы әнге деген қызығушылықты арттыра түсті. Әңгіменің таралуына Жүзефинаның жуырда берген шулы сұхбаты түрткі болған еді.
Бейнебаянды тамашалағандар Дариғаның бұл әнін оның ішкі жан-дүниесінің айқайы, өміріндегі күрделі кезеңнің бейнесі ретінде қабылдап отыр.
«Бейнебаян арқылы ешкімге сенбеу керегін түсіндім. Соңында өзіңмен-өзің қалып, бір Алланы еске алып, бар сырыңды айтасың», – деп жазады пікір қалдырушылардың бірі.
Тағы бір тыңдарман: «Жаным, осы әніңді осынша күттік қой. Мен үшін ерекше ұнаған туындың. Өмірімдегі бір шешуін күткен ерекше сәтті нақ бейнелейтіндей», – деп өз әсерімен бөліскен.
Ән мәтінінде де үлкен мағына жатыр. Туынды Жаратқанға жалбарынумен, адамдардың шынайы келбеті мен бетперде киген қоғам туралы ойлармен өрілген.
