Жыл басынан бері 900-ден астам қару тәркіленді – IIM

Полиция жыл басынан бері 900-ден астам қару тәркілеген. Оның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 74 қару бар.
Сондай-ақ айналымнан төрт мыңнан астам оқ-дәрі алынған.
Polisia.kz хабарлауынша, Ішкі істер министрлігі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шараларын күшейтуді жалғастырып жатыр.
Оның ішінде заңсыз айналымдағы қаруды тәркілеу жұмыстары да бар
27-29 сәуір аралығында елде «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасының екінші кезеңі өткізілген. Үш күн ішінде 67 дана атыс қаруы және түрлі калибрдегі 200-ден астам оқ-дәрі тәркіленді.
27 сәуір күні Алматы қаласында полиция қызметкерлері Сайран көлінің жағасынан қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған қаруды анықтады.
«Заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсыру қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады. Азаматтарды заңсыз сақталған қаруды тапсырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға шақырамыз», – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Айта кететін жайт, Петропавл қаласының үш тұрғыны осы мүмкіндікті пайдаланып, 12 калибрлі «Stoeger Model 2000», 28 калибрлі «ИЖ-ЗК» және 16 калибрлі «ТОЗ-Б» тегіс ұңғылы мылтық тапсырды.