Алматыда 1-курс студенті университеттің 8-қабатынан құлап көз жұмды

Алматыда университеттің бірінші курс студенті университет ғимаратынан құлап, көз жұмды. Ақпаратты университеттің медиаорталығы мен қалалық полиция департаменті растады.
Қайғылы оқиға 6 мамыр күні сағат 09:00 шамасында болған. Студент сегізінші қабаттан құлап, оқиға орнында тіл тартпай кеткен.
Университет өкілдері хабарлағандай, ол «Философия» білім беру бағдарламасы бойынша бірінші курста мемлекеттік грант негізінде оқыған.
«Университеттің Психологиялық қолдау қызметінің мәліметіне сәйкес, студент осы оқу жылы ішінде психологиялық көмекке жүгінбеген, мамандардың қабылдауында болмаған. Оның психологиялық жай-күйіне қатысты қандай да бір шағымдар немесе алаңдаушылықтар тіркелмеген. Оқытушылардың айтуынша, студенттің оқу үлгерімі жақсы, тәртібі бойынша ескертулер болмаған», – делінген хабарламада.
Университет басшылығы қаза тапқан студенттің отбасымен кездесіп, көңіл айтып және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін мәлімдеген.
«Бұл дерек бойынша Медеу ауданының Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Мотиві мен мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады қалалық полиция департаменті.
ЖОО нақтылағандай, бұл жағдай сессиямен байланысты емес: студенттің үлгерімі жақсы болған, бүгін оның емтиханы болғанымен, ол сынаққа келмеген.