Алтайда қараусыз қалған ғимараттың 2-қабатынан құлаған оқушы ауыр жарақат алды

Шығыс Қазақстан облысында 15 жастағы жасөспірім қыз қараусыз қалған ғимараттың екінші қабатынан құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Yk-news.kz.
Оқиға 19 сәуірде Алтай қаласында болған. Полицияның мәліметінше, бір топ жасөспірім бұрынғы нан зауытының аумағында серуендеп жүрген, сол кезде қыздардың бірі ойын кезінде едендегі тесікті байқамай қалып, аяғы тайып, төмен қарай ұшқан.
ШҚО Полиция департаменті аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы 3-бөлігі (абайсызда денсаулыққа зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Тексеру барысында иесіз қалған ғимараттың иесі анықталды.
Зардап шеккен қыз Алтай ауданының ауданаралық ауруханасына жатқызылды. Медициналық мекеменің бас дәрігері Олжас Нұрекеновтің айтуынша, қыз балаға ауыр ашық бас-сүйек жарақаты, мидың соғылуы мен ісінуі, эпидуральды гематома, бас сүйегі мен төрт қабырғасының сынуы, сондай-ақ өкпесінің соғылуы диагнозы қойылған.
«Қыз балаға ота жасалды. Жағдайы өте ауыр деп бағалануда. 6 мамырдағы жағдай бойынша ол әлі де жансақтау бөлімінде жатыр. Оны тасымалдауға болмайды, емделуші жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», — деді Олжас Нұрекенов.
Оның сөзінше, емдеу шаралары облыстық мамандардың қатысуымен тұрақты түрде түзетіліп отырады.
Сондай-ақ, полициядан Алтай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мониторингтік топпен бірлесіп, қауіпті нысандарды, соның ішінде қараусыз қалған ғимараттар мен ашық құдықтарды анықтау бойынша профилактикалық рейдтер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған қауіпті учаскелер туралы ақпарат тиісті шаралар қолдану үшін жергілікті атқарушы органдарға жіберілді. Сонымен қатар, қылмыстық іс аясында мемлекеттік құрылымдарға оқиғаның орын алуына септігін тигізуі мүмкін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізілді.
Айта кетейік, Алматыда бірінші курс студентінің университет ғимаратынан құлап, қаза тапқаны туралы жазған едік.