АҚШ билігі Иранға қарсы кезекті әскери операция аяқталғанын мәлімдеді

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иранға қарсы кезекті әскери операция аяқталғанын хабарлады. Саясаткер бұл туралы Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Рубио АҚШ-тың Иранға қарсы «Эпикалық қаһар» операциясының аяқталғанын мәлімдеді.
«Эпикалық қаһар» операциясы аяқталды, біз Конгреске осы кезеңді тәмамдағанымызды хабарладық. Енді біз «Азаттық» жобасы операциясына кірістік», – деп түсіндірді Рубио.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, қазіргі уақытта АҚШ-тың басты міндеті Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыру. Сондай-ақ Рубио «Азаттық» жобасы тек қорғаныс сипатында құрылғанын айтты. Яғни, енді АҚШ тек шабуыл жасалған жағдайда ғана оқ атады.
Айта кетейік, 1 мамырда АҚШ Президенті Дональд Трамп Конгреске хат жолдап, онда Иранға қарсы соғыс қимылдары аяқталғанын мәлімдеген.
Дүйсенбі күні Трамп Ормұз бұғазында бөгеліп қалған кемелерді босату бойынша «Азаттық» жобасы операциясының басталғанын жариялады.