Жаңалықтар

АҚШ билігі Иранға қарсы кезекті әскери операцияның аяқталғанын мәлімдеді

АҚШ Иранға қарсы әскери операцияның аяқталғанын мәлімдеді
фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иранға қарсы кезекті әскери операцияның аяқталғанын хабарлады. Саясаткер бұл туралы Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Рубио АҚШ-тың Иранға қарсы «Эпикалық қаһар» операциясының аяқталғанын мәлімдеді.

«Эпикалық қаһар» операциясы аяқталды, біз Конгреске осы кезеңді тәмамдағанымызды хабарладық. Енді біз «Азаттық» жобасы операциясына кірістік», –  деп түсіндірді Рубио.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, қазіргі уақытта Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыру – АҚШ-тың басты міндеті. Сондай-ақ Рубио «Азаттық» жобасы тек қорғаныс сипатында құрылғанын айтты. Яғни, енді АҚШ тек шабуыл жасалған жағдайда ғана оқ атады.

Айта кетейік, 1 мамырда АҚШ Президенті Дональд Трамп Конгреске хат жолдап, онда Иранға қарсы соғыс қимылдарының аяқталғанын мәлімдеген.

Дүйсенбі күні Трамп Ормұз бұғазында бөгеліп қалған кемелерді босату бойынша «Азаттық» жобасы операциясының басталғанын жариялады.