Әр алтыншы қоспа қауіпті: Қазақстандағы БАД нарығының көлеңкелі тұстары

Соңғы уақытта елімізде ББҚ-қа (биологиялық белсенді қоспа) деген сұраныс пен қызығушылық артып келеді. Жыл сайын Қазақстанда 50-60 млн қаптама қоспа сатылады.
Бүгінде дәріхана мен онлайн дүкен сөрелері дәрумен, минерал мен өсімдік сығындыларына толы. Кейбір тұтынушылар қоспаларды денсаулығын нығайту, иммунитетті арттыру немесе созылмалы аурулардың алдын алу мақсатында қабылдаса, кейбіреулері мұны жай сәннен қалмау үшін ғана қабылдайды.
Алайда бұдан «Сатылып жатқан қоспалар шынымен де денсаулыққа қауіпсіз бе? Оларды кім тексереді? Құрамында не бар?» деген маңызды сұрақ туындайды. Осы сұрақтардың жауабын бірге іздеп көрейік.
Нарықтың басым бөлігі қай елге тиесілі?
Қазіргі кезде Қазақстан нарығында ең көп сатылатын БАД өнімдерінің қатарында D және C дәрумендері, коллаген, гиалурон қышқылы, амин қышқылдары мен шөп жиынтықтары бар.
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, отандық нарықта елде жасалған өнімдерден гөрі импорттық тауар көбірек. Мәселен, АҚШ импорт көлемінің 35%-ын құрайды, Еуропа елдері (Германия, Франция және Ұлыбритания) 32%, Жапония 18% үлеспен үшінші орында тұр.
Ресейлік өндірушілер болса тіркелген биологиялық қоспа брендтерінің 77,5%-ын құрайды. Түркия, Мысыр және басқа елдерде шығарылған биологиялық белсенді қоспалар да бар.
Ал елімізде 14 кәсіпорын қоспаларды шығарады, олардың нарықтағы үлесі небәрі 10,3%-ды құрайды.
Әрбір алтыншы қоспаға қатысты заң бұзылғаны анықталды
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Әйгерім Сәдубаеваның айтуынша, сатылымдағы өнімдердің бәрі бірдей пайдалы емес. 2023 жылдан бастап үш мыңға жуық биологиялық белсенді қоспа тексеріліп, оның әрбір алтыншысы заң бұзғаны анықталған.
Көбінесе қоспалар құрамы жапсырмадағы көрсеткішке сәйкес келмейді. Тіпті кейбір қоспалардан зең саңырауқұлақтары мен ашытқы анықталған, ал арықтауға арналған өнімдерден тыйым салынған заттар табылған.
Былтыр арықтататын қоспаларды ішіп, жағдайы нашарлаған қыздардан көп шағым түскен. Кейін белгілі болғандай, бұл өнімдердің құрамында сатуға мүлдем тыйым салынған психотропты заттар болған.
«Тұтынушылар бұл тауарларды ешқандай құжатсыз, әлеуметтік желілер мен күмәнді сайттар арқылы қолдан сатып алған. Халық арасында «сертификат болса болды, қауіпсіз» деген жаңсақ пікір бар, алайда БАД өнімдеріне сертификат емес, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік берілуі тиіс», – дейді Әйгерім Сәдубаева.
Күнделікті «зиянсыз» деп саналатын кейбір қоспа құрамына диоксиндер сияқты қауіпті заттар кіруі мүмкін. Мамандардың айтуынша, бұл заттардың дәмі де, иісі де жоқ. Ағзаға бірден зиянын тигізбейді, бірақ уақыт өте жинақталып, салдары ауыр болады.
Сондықтан биологиялық белсенді қоспаларды тек дәріханалар немесе мамандандырылған дүкендерден сатып алған дұрыс. Әсіресе, интернет арқылы сауда жасау үлкен қауіп тудырып отыр.
Интернеттегі сауданың қаупі
2023 жылдан бастап бақылаушы органдар БАД жарнамасын тексеру үшін кәсіпорындарға тікелей бармай-ақ, интернетті онлайн режимде бақылай бастады.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Instagram, Facebook, YouTube және басқа да әлеуметтік желілер мен 1496 бұқаралық ақпарат құралының 14 927 интернет-ресурсы тексерілгенін айтты. Нәтижесінде мемлекеттік тіркеусіз өнімдерін онлайн сататын 4977 парақша анықталды.
Заңсыз жарнама жариялаған сайттар мен аккаунттарға жарнаманы жою туралы 4435 ескерту хат жіберілді. Мәдениет және ақпарат министрлігіне де шаралар қабылдауды сұрап 29 хат жолданды. Соның нәтижесінде 49 Instagram парақшасы толығымен жойылды.
Мәселенің шешімі қандай?
Денсаулық сақтау министрлігі биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау жүйесін енгізбек.
Міндетті таңбалауды енгізу өнімнің заңсыз айналымы көлемін азайту, түсетін салық көлемін арттыру және нарықта тең бәсекелестік жағдайларын жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы 27 маусымдағы бұйрығына сәйкес, Қазақстанда БАД өнімдерін жарнамалауға да тыйым салынған.
Жарнама ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 428 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Нақтырақ айтатын болсақ, қоспаларды мемлекеттік тіркеусіз жарнамалаған жағдайда жеке тұлғаларға – 10 АЕК (43 250 теңге), лауазымды адамдарға – 25 АЕК (108 125) теңге, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (432 500 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК (648 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал ірі кәсіпкерге екі жүз айлық есептік көрсеткіш (865 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
«БАД сиқырлы дәрі емес»
Дәрігер Дәкенова Әйгерім адамдардың БАД-қа сиқырлы дәрі ретінде қарайтынын айтты.
«БАД адамды емдемейді. Ол тек ағзаны қолдап тұрады, жетіспейтін дәрумендерді толтырады. Бірақ жарнаманың мықты болғаны сонша, адамдардың ойы мен сенімі өзгеріп кеткен.
Биологиялық белсенді қоспаларды қабылдарда міндетті түрде маман кеңесіне жүгінген жөн. Өйткені кез келген қоспаны дұрыс ішпесе пайда орнына зиян келтіреді.