Депутат: Автомектепте qr-кодтан 5,6 млрд теңге А. есімді адамның қалтасына түседі

Қазақстанда жұмыс істейтін автомектептердегі жемқорлық, заңсыз ақша айналымы мәселелері парламентте көтерілді. Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Ішкі істер министрлігінің өкіліне сұрақ қойды.
Күмәнді qr-код
«Заңдастырылған жемқорлықты тоқтату керек деп өткенде комитетте айтқанмын. Содан бері біраз уақыт өтті. Дегенмен бізге түсіп жатқан шағымдар көбеймесе азайған жоқ», – деп бастады сауалын төменгі палата өкілі.
Ол мәселені қарапайым тілмен жеткізуге тырысты: әр азамат жүргізуші куәлігін алу үшін екі жарым ай автомектеп базасында тіркеліп, толық курс оқуға міндетті. Соған байланысты оқу ақысын төлейді.
«Бірақ автомектепке кіреберісте жеке qr-код тұрады. Соған 8,5 мың теңге төлеуге міндеттісің. Оның автомектепке де қатысы жоқ», – дейді Толықбай.
А. есімді азаматтың қалтасына түседі
Оның есептеуінше, жылына шамамен 670 мың адам автокөлік куәлігіне тапсырады. Әрқайсысы 8,5 мың теңге төлесе, жылына 5,6 млрд теңге жиналады. Ол ақша кімнің қалтасына кетіп жатыр? Депутатты осы сауал толғандырады.
«Бұл ақша үкіметке, ІІМ жүйесіне де түспейді. Ашық есепте жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, қаражат шетелде тұратын А. есімді жекелеген тұлғаның қалтасына түсіп жатыр«, – деп мәлімдеді депутат.
Толықбай автомектептерде әр азаматтан ақша жинауға кім мәжбүрлеп отырғанын білгісі келеді. Оның пікірінше, А. есімді азаматтың жеке өзінің мұндай күмәнді әрекетке ықпалы жете қоймас.
«Оны жоғарыдан қорғап отырған біреу бар. Сұрақ: заңсыз қаржы айналымын қашан тоқтатасыздар?», – деп сұрады Толықбай.
Вице-министр жауабы
Сауал Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовке қойылды.
«Қазір әкімшілік, полиция тарапынан қызметтік тексеріс басталды. Біздің уәкілетті органда ешқандай одақтар керек емес. Сыбайласқан жемқорлыққа жол бермеу керек. Осы пікірмен біз толық келісеміз. Тиісті шара қабылдаймыз», – деп қысқа қайырды министрлік өкілі.
Дегенмен жыл сайын 5,6 млрд теңгені қалтасына басып отырған А. есімді азаматтың кім екені, оны жоғары билікте кімдер қорғайтыны белгісіз болып қалды.