Мәжіліс қытай инвестициясын қорғауды көздейтін келісімді мақұлдады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Кейінгі жылдары Қазақстанда қытай инвестициясының үлесі едәуір көбейді / фото: Telegram/Samruk Kazyna

6 сәуірде парламенттің төменгі палатасы Қазақстанда Қытай инвестициясын қорғауды көздейтін келісімді мақұлдады. Құжатқа 2025 жылғы 16 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин қол қойған.

Мәжіліс депутаттары сәрсенбі күні Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялады.

Ресми мәлімет бойынша, келісім инвестицияға қолайлы жағдай жасауға, тікелей шетел ақшасы ағынын күшейтуге, сонымен бірге көршілес екі ел экономикасын арттыруға бағытталған.

Құжат бірнеше мәселені реттейді. Олар:
«инвестициялар» және «қамтылған инвестициялар» сияқты негізгі ұғымдарды анықтау;

  • инвесторлар мен олардың инвестициясына ұлттық тәртіп ұсыну;
  • мейлінше қолайлы жағдай жасау;
  • инвестициялардың әділ, тең құқылы тәртібін, толық қорғалуын қамтамасыз ету;
  • қарулы қақтығыстар немесе азаматтық тәртіпсіздіктер жағдайында болған шығындарды өтеу;
  • заңнама ашықтығы мен нормативтік актілерге қолжетімділікті қамтамасыз ету;
  • инвестициялық және мемлекетаралық дауларды шешу тетіктері.

Құжатқа сәйкес, ешбір тараптың заңда көзделген жағдайлардан тыс, кемсіту негізінде немесе өтемақы төлемейінше инвестицияны мемлекет меншігіне алуға құқығы жоқ. Бұған қоса дауларды шешу үшін кеңесу және төрелікке жүгіну тетігі қарастырылған.

Айта кетейік, бір күн бұрын – 5 сәуірде президент Тоқаев Xinjiang Lihua компаниясының басшысы Чжан Цихайды қабылдаған. Қытай компаниясы Қазақстанға 600 млн доллар инвестициямен кірген. Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы желтоқсанда Түркістан облысында Lihua еккен мақта өртенді. Шығынды мемлекет өтеген-өтемегені белгісіз, бірақ Kursiv.Media қытай компаниясының құзырлы органдарға шағымданудан бас тартқанын анықтаған.

Сондай-ақ оқыңыз