Жанармай мен мұнай өнімдерін шетелге сатуға тағы жарты жылға шектеу қойылады

Энергетика министрлігі республика аумағынан бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін шығаруға салынған шектеуді 2026 жылғы 21 қарашаға дейін ұзартты.
Министрлік бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 21 мамыр мен 21 қараша аралығында мұнай өнімдерін автокөлікпен, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге экспорттауға болмайды.
Дегенмен, шектеулердің өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, жағармай майларын және көліктердің зауытта орнатылған бактарындағы жанармайды алып шығуға рұқсат етіледі, бірақ көлік тәулігіне бір рет қана өтуге тиіс.
Сонымен қатар, мұнай өнімдерін теміржол арқылы тасуға да шектеу қойылды. Бірақ бұл бензин мүлдем сатылмайды деген сөз емес. Егер экспорт мемлекет бекіткен арнайы жоспар бойынша жүрсе немесе Үкімет шешімімен гуманитарлық көмек ретінде жіберілсе, оған рұқсат беріледі.
Бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль және теміржол көлігімен шығаруға тыйым салу елде 2025 жылғы 20 қарашадан бастап алты ай мерзімге, яғни, 2026 жылдың 20 мамырына дейін енгізілген.
Айта кетейік, Қазақстанның мұнай құбырлары арқылы шикізат экпорттау құны 2026 жылғы 1 маусымнан бастап қымбаттайды. Тасымал тарифі 10,6 пайыз өсетін болды.