Көлікке жалған нөмір таққандарға қылмыстық жауапкершілік енгізілуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобланбаев

Қазақстанда Жалған мемлекеттік нөмір үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов мәлімдеді.

Мәжілістің жалпы отырысы кезінде депутат Бақытжан Базарбек жалған нөмірлер тағу фактілері жол-көлік оқиғаларынан кейін жиі анықтала бастағанын және қоғам үшін үлкен қауіп төндіретінін атап өтті.

«Қылмыстық кодекстің 386-бабы тек мемлекеттік нөмірлерді қолдан жасау және оны сатуды ғана реттейді. Ал жалған мемлекеттік нөмірді пайдаланудың өзі, құрамында қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болғанымен, әкімшілік жауапкершілікке жатқызылған. Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы – жалған нөмірді пайдаланған адамға 15 АЕК (64 875 теңге) айыппұл салынады. 15 АЕК деген не? Ол айыппұлды төлейді де, соған разы болады. Ал сол оқиға салдарынан адамдар қаза тапты. Егер қайталанса, 20 АЕК (86 500 теңге) немесе бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру қарастырылған», – деді мәжілісмен.

Депутат мұндай құқық бұзушылық үшін кемінде қылмыстық жауапкершілік енгізу керек деп санайды.

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов бұл мәселенің өзекті екенін мойындап отыр. Оның айтуынша, жалған нөмірлерді көбінесе қылмыстық топ өкілдері әртүрлі заңсыз пайда табу немесе мүлікке қатысты қылмыстар жасау үшін пайдаланады.

«Жол-көлік оқиғаларына қатысты жағдайларда да жалған нөмірлер қолданылған фактілер бар. Қылмыстық жауапкершілік тікелей нөмірді қолдан жасау үшін қарастырылған. Шын мәнінде, Қылмыстық кодекстің 385-бабына ұқсас түрде, қолдан жасау ғана емес, оны пайдалану үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыруға негіз бар. Мемлекеттік тіркеу нөмірі жол қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады», – деді Әділов.

Ішкі істер министрлігі депутаттың ұсынысын құптап, оны қылмыстық заңнаманы қайта қарау барысында қарастыратынын айтты.

Мемлекеттік нөмірі көрінбейтін көлік жүргізушілеріне қанша айыппұл салынады

Нөмірді әдейі жасыру үшін пленка секілді заттарды қолданғандар, жалған нөмір орнатқандар да жауапқа тартылады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабында мынандай жауапкершілік қарастырылған:

  • мемлекеттік нөмірі оқылмайтын немесе белгіленген жерге орнатылмаған нөмір үшін 5 АЕК (21 625 тг) айыппұл;
  • мемлекеттік нөмір белгісі жоқ көлікті жүргізу – 10 АЕК (43 250 теңге);
  • бұл әрекетті бір жыл ішінде қайталаса 20 АЕК (86 500 тг) айыппұл салынады немесе бір жылға көлік басқару құқығынан айырылады (сот шешімі қажет);
  • қолдан жасалған нөмірді ілу – 15 АЕК (64 875 тг);
  • қолдан жасалған нөмірді ілу, нөмірді көруге кедергі келтіретін материалды пайдалану 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға және бір жылға көлік басқару құқығынан айыруға әкеледі.
Сондай-ақ оқыңыз