Қазақстан ардагерлерді ардақтауда алда келеді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Фото: shutterstock
Фото: shutterstock

Қазақстан ардагерлерді ардақтауда алда келеді. Ұлы жеңіске үлес қосқан азаматтарға биыл біржолғы төлемдер үшін 3,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.  

Finance.kz ақпаратынша, бұл қаржы шамамен 32,9 мың адамға бөлінеді. Олардың ішінде тыл еңбеккерлері, қаза тапқандардың жесірлері, жарақат пен зақым кесірінен алған азаматтар да бар.

«Бүгінде Қазақстанда тұратын 57 Ұлы Отан соғысы ардагеріне ерекше көңіл бөлінді. Олардың әрқайсысына тұрғылықты өңіріне қарамастан 5 млн теңгеден төленді», – делінген ақпаратта.

Ардагерлерді материалдық қолдау деңгейі бойынша Қазақстан жетекші елдердің біріне айналып отыр. Республикада белгіленген төлемдер өзге мемлекеттердің көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары.

2026 жылы Қазақстанда майдангерлерге берілетін біржолғы көмек 5 млн теңгеге жетті. Ал Өзбекстанда мұндай төлем 30 млн сумды (шамамен 1,1 млн теңге), Беларусьте 5 мың беларусь рублін (шамамен 715–825 мың теңге) болады.

Ресейде 10 мың рубль көлеміндегі федералдық төлемнен бөлек (шамамен 61 мың теңге), өңірлік үстемақылар да қарастырылған. Мәселен, Мәскеу мен Мәскеу облысында ол 70 мың рубльге дейін жетеді (шамамен 430 мың теңге). Алайда бұл қосымша төлемдерді есептегеннің өзінде, жалпы көмек көлемі Қазақстандағы көрсеткіштен бірнеше есе төмен болып отыр.

Елімізде көзі тірі 57 Ұлы Отан соғысының ардагері қалған. Оның 14-і Алматы қаласында тұрады. Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында – 6 ардагерден. Алматы, Қостанай және Павлодар облыстарында 4 ардагерден болса, Жамбыл және Түркістан облыстарында – 3 ардагерден тұрады. Ал Абай, Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласында 1 ардагерден ғана қалған.

Сондай-ақ оқыңыз