Есік көліндегі бөгет мемлекет меншігіне қайтарылады

Алматы облысының әкімдігі Есік көліндегі бөгетті мемлекет меншігіне қайтаруда. Бұған міндеттемелердің орындалмауы түрткі болған.
Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы облысы әкімдігінің пікірінше, инвестор нысанды қауіпсіз пайдалану және жаңғырту жобасын іске асыру жөніндегі міндеттемелерін орындамаған.
Осыған байланысты Есік көліндегі бөгет бойынша «Habel» ЖШС-мен жасалған сенімгерлік басқару шартын бұзған.
Орындалуға тиіс міндеттер
«Есік көліндегі бөгет пен оған іргелес аумағы 140 гектардан асатын стратегиялық маңызы бар гидротехникалық нысан ұзақ жылдар бойы күрделі жаңғырту мен кешенді қалпына келтіру жұмыстарын қажет етуде. Сондықтан 2024 жылдың соңында ашық тендер қорытындысы бойынша бөгет пен оған іргелес аумақ сатып алу құқығынсыз 49 жыл мерзімге «Habel» серіктестігіне сенімгерлік басқаруға берілген», – делінген хабарламада.
Әкімдіктің мәліметінше, инвестор жоба аясында бөгетке көпфакторлы зерттеу жүргізу, гидротехникалық құрылысты реконструкциялау, мониторинг және қауіпсіздік жүйелерін енгізу, тазарту жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ туристік инфрақұрылымды дамытуы қажет еді.
Инвестицияның 5 пайызы ғана салынған
Бірінші кезең аясындағы басты міндет – нысанның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ықтимал сел жүру мен жақын маңдағы елдімекендерге төнуі мүмкін қауіп-қатерлерге байланысты тәуекелдерді төмендету. Алайда жүргізілген тексеру нәтижесінде шарт талаптарының сақталмағаны анықталды.
«Жоспарланған 245 миллион теңге инвестицияның алғашқы жылы іс жүзінде небәрі 11,4 миллион теңгесі ғана салынған. Бұл көзделген көлемнің 5 пайызынан да аз. Сонымен қатар жоспарланған жұмыс орындары ашылмаған», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, 2025 жылдың қарашасына дейін дайындалуға тиіс бөгетті көпфакторлы зерттеу қорытындысы белгіленген мерзімде ұсынылмаған. Сондай-ақ міндетті жылдық есеп тапсырылмаған. Қазіргі уақытта нысанды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Айта кететін жайт, Есік көлі мен Асы-Түргенге баратын жолдар көктемге дейін жабық тұрған еді.