Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалды

Мемлекет басшысының жарлығымен Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
60 жастағы саясаткер Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.
Ол Сыр өңірін жақсы біледі. Мәселен, 2008-2010 жылдары Қызылорда қаласының әкімі болса, әр жылдары өңірдің Қармақшы, Шиелі, Қазалы және Сырдария аудандарын басқарған.
Қоғам қайреткері 2023 жылғы наурызда Amanat партиясына кіріп, Мәжіліске өткен. Парламенттің төменгі палатасында Қаржы және бюджет комитетінің құрамында қызмет атқарды. Үш жылда 60 шақты депутаттық сауал жолдады.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
Ергешбаев жаңа қызметте Нұрлыбек Нәлібаевтың орнына келді. Қызылорда облысын төрт жыл басқарған Нәлібаев екі күн бұрын вице-премьер қызметіне тағайындалған.