Президент Мәскеудегі Жеңіс парадына барады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысу үшін Мәскеуге барады. Бұл туралы мемлекет басшысының кеңесшісі-баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың ресми Telegram-арнасы хабарлады.
Кремль алдағы сапарға қатысты түсініктеме беріп, оны Қазақстан басшысы тарапынан жасалған «достық қадам» деп атады.
«Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Владимир Путинмен жеке кездесуі жоспарланған. Мемлекет басшылары Ресей Президентінің мамыр айының соңына жоспарланған Қазақстанға сапары қарсаңында стратегиялық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылайды», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Кремль сайтында Мәскеудегі парадқа шақырылған шетелдік лидерлер мен мәртебелі қонақтардың ресми тізімі жарияланған болатын. Алайда ол кезде бұл тізімде Орталық Азия елдерінің президенттері болмаған еді.
Сонымен қатар, Ресей Президентінің көмекшісі Юрий Ушаков биыл Мәскеудің 2025 жылғыдай «шетелдік қонақтарды арнайы шақырмағанын» мәлімдеді.