«Қайшылық жоқ»: Amanat депутаты жаңадан құрылған «Әділетке» сәттілік тіледі

Жарияланды
SMM бөлімінің редакторы
Business News бөлімінің тілшісі
Мұрат Әбенов, Amanat партиясының мүшесі, мәжіліс депутаты
Мұрат Әбенов Amanat пен «Әділет» арасында қайшылық көріп тұрған жоқ / фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Amanat партиясының мүшесі, депутат Мұрат Әбенов Құрылтай сайлауы қарсаңында жаңадан құрылған «Әділет» партиясына сәттілік тіледі.

«Әділетке» барған азаматтардың көбісін жеке танимын. Өте сауатты, жаңаша ойлайтын белсенді азаматтар. Сәттілік тілегім келеді», – деді Әбенов 8 мамырда парламенттегі журналистерге.

Facebook әлеуметтік желісінде 100 мыңнан астам оқырманы бар қоғам белсендісі саяси алаңда «ел үшін қызмет атқаратын азаматтар» көп болғанын қалайды.

Әбенов кей сарапшылардың «Amanat өз міндетін дұрыс атқара алмаған соң, билік жаңа партия құрып жатыр» деген долбарына жауап берді.

«Amanat міндетін дұрыс атқарып жүр. Біз ай сайын есеп беріп, жарты жыл сайын сайлаушылармен кездесіп тұрамыз. Көп мәселе көтердік, оларды азаматтарға жеткіздік. Сол себепті мұнда ешқандай қайшылық көріп тұрған жоқпын«, – деп ақталды саясаткер.

Депутат партиялар арасында бәсекенің жоғары болғанын қолдайды.

Құрылтай сайлауы қарсаңында жаңа саяси партия құрылғалы жатқаны 15 сәуірде жарияланды. Ал 7 мамырда «Әділет» партиясының құрылтай съезі өтті. Кейінгі екі жылда президент әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебай жаңа саяси күштің төрағасы болып сайланды.

Құрылтай сайлауы 2026 жылғы тамыз айында өтеді. Жаңадан жасақталатын бір партиялы парламентке партия тізімі арқылы ғана кіруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз