Қазақ оқушылары АҚШ-тағы дрон-футбол чемпионатынан бірінші орын алды
Астана мен Ақтөбе оқушылары АҚШ-та өткен дрон-футбол чемпионатына қатысып, бірінші орын алды. Олар 17 елдің қарсыластарын басып озып, екі дисциплинада жүлделі орындарды иеленді деп хабарлады Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.
FIDA USA Drone Soccer Championship халықаралық чемпионаты 30 сәуірден 2 мамыр аралығында Калифорния штатында өтті. Қазақстан жарысқа бес команда жіберді. Оның төртеуі Астанадан, біреуі Ақтөбеден.
Super Pilot жеке дисциплинасы бойынша Астана қаласындағы №8 мектептің 9-сынып оқушысы Амантай Арсен бірінші орынды иеленді. Жаттықтырушысы Жәнібек Ражабовтың жетекшілігімен Арсен чемпионаттың ең күрделі кезеңінде басымдық танытып, алтын жүлдеге қол жеткізді. Дәл осы санаттағы екінші орын №82 мектептің 8-сынып оқушысы Хайралла Айсұлтанға бұйырды, жеңісіне жаттықтырушысы Дінмұхамед Орынбасар үлкен үлес қосты.
Командалық Drone Soccer Class 20 санатында Қазақстан құрамасы үш жүлделі орынның барлығын иеленіп, абсолютті жеңімпаз атанды. Бірінші орынды Ақтөбеден келген, Елаған Бауыржанұлы жаттықтыратын «Kemel Bilim» командасы жеңіп алса, екінші және үшінші орындарды Астананың №8 және №82 мектептері бөлісті.
Жалпы алғанда, 17 ел қатысқан бұл дүбірлі додада қазақстандықтар 20 және 40 сантиметрлік дрондар санаттары бойынша үздік нәтиже көрсетті. Бұл жеңіске жету үшін командалар бір жылдан астам уақыт тер төккен. Олар алдымен Астанада іріктеуден өтіп, кейін өз жобаларын FIDA халықаралық федерациясы алдында қорғап шыққан болатын.
Kazakhstan Drone Soccer Association директоры Әліхан Рыспай бұл жетістікті отандық дрон-футбол тарихындағы алғашқы үлкен халықаралық жеңіс деп бағалады. Оның айтуынша, қазақстандық оқушылардың халықаралық аренада өздерін мойындатуы — ұзақ жұмыс пен зор дайындықтың жемісі.
Дрон-футболда қатысушылар дрондарды басқарып, ұшып жүріп ойнап, қарсыласқа гол салуға тырысады. Матч 5-ке-5 форматында өтеді: бір шабуылдаушы ұшқыш (страйкер) және төрт қорғаушы.
Kazakhstan Drone Soccer Association – 2024 жылы Оңтүстік Корея Республикасының Инчхон қаласында өткен DRONE EXPO Korea 2024 шеңберінде FIDA-мен бірлесіп Қазақстанда дрон-футболды дамыту бойынша құрылған ұйым. Kazakhstan Drone Soccer Association спорт түрін елде жүйелі түрде дамытады: мектептерде бағдарламаларды іске қосады, ұлттық турнирлер өткізеді және қазақстандық оқушыларды халықаралық деңгейге шығарады.
Бұған дейін Астана мен Алматы оқушылары Азияның мықты шахматшыларымен жарысып, Азия чемпионатына қатысқанын жазған едік.