Қазақ жігіті Лондонның беделді ауданына мэр болып сайланды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: instagram.com/sanabishev, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Лондонның ең таңдаулы әрі тарихи аудандарының бірі Сент-Джеймс (St. James’s) басшылығына Қазақстан тумасы Санжар Әбішев келді. Ұлыбританияның Консервативтік партиясының атынан түскен қандасымыз сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Сайлау нәтижесі

Сайлау қорытындысы бойынша, Санжар Әбішев 2,3 мың дауыстың ішінен өз қарсыласынан 350 дауыс артық жинап, басып озды. Бұл туралы танымал қазақстандық бизнесмен, Kusto Group негізін қалаушылардың бірі Қанат Көпбаев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады

«Британдық элита арасында ешқандай таныс-тамырсыз, тек білімі, тәртібі және көпжылдық еңбегі арқылы Лондонның мәртебелі ауданының мэрі атанды. Бұл оның үлкен жолының басы ғана екеніне сенімдімін», – деп атап өтті Қанат Көпбаев.

Санжар Әбішев кім?

Санжар Әбішев – кәсіпкер Азат Әбішевтің ұлы. Ол мектеп жасынан бастап Ұлыбританияда тұрып, білім алған. Санжар беделді Malvern College колледжі мен университетті тәмамдаған. 2016 жылдан бастап ірі брендтермен жұмыс істейтін Blue Swallow Group маркетингтік агенттігін басқарады.

2015 жылы әлеуметтік жобаларды қолдайтын жеке қайырымдылық қорын құрған. Саяси аренаға 2022 жылдан бастап белсенді араласа бастады. 2024 жылы Сент-Джеймс округі бойынша Консервативтік партияның төрағасы болып сайланған.

Сент-Джеймс – Лондонның қақ ортасында орналасқан, Букингем сарайына жақын, тарихи ғимараттар мен беделді клубтар шоғырланған аудан.

Сондай-ақ оқыңыз