Балабақша қызметкерлері 3 жылда 42 млн теңгені жымқырған

Шығыс Қазақстан облысы Малонарым ауылының балабақша меңгерушісі мен есепшісі 3 жыл бойы өздеріне артық жалақы аударып келген. Жалпы алғанда олар 42 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз аударылған.
Үлкен Нарын ауданының прокуратурасы «Малонарым ауылының балабақша-бөбекжайына» тексеру жүргізді. Тексеріс барысында балабақша есепшісінің 3 жыл бойы өзінің және меңгерушінің шотына артық жалақы, сондай-ақ салық пен міндетті аударымдарды төлеуге арналған қаражатты аударып келгенін анықтады.
Ал балабақшаның 18 қызметкеріне ұзақ уақыт бойы жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар төленбеген.
«Балабақша меңгерушісі мен есепшісінің шоттарына 42 млн теңгеден астам қаражат заңсыз аударылған. Аталған факті бойынша аудан прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп жазылған ШҚО прокуратурасының хабарламасында.
Бұған дейін Қызылорда облысы ауылдық округ директоры есепшісімен бірге он жыл бойы бюджет қаражатын жымқырып отырғанын жазған едік. Олар 7 жылға бас бостандығынан айырылды.