Starlink жылдам спутниктік интернетті екі есе арзан бағаға ұсынып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Старлинг спутник интернеті
Спутниктік интернет арзандай бастады / фото: x.com/Starlink

Кейінгі екі жылда Орталық Азия өңіріне дендеп енген SpaceX америкалық компаниясы Қазақстанда жаңа тұтынушы тартуға ерекше көңіл бөліп жатыр. Миллиардер Илон Маскіге тиесілі компания Starlink жылдам спутниктік интернетін бар болғаны 11 500 теңгеден ұсынды.

SpaceX жоспары

Қазақстан Starlink-ке ресми түрде 2025 жылғы тамызда қосылған. Ал 2026 жылғы ақпанның басында оған Тәжікстан да кірді. Сәуірдің ортасында қырғыз билігі жуырда ел аумағына жылдам спутниктік интернет келетінін жариялады. SpaceX жоспары бойынша, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан желіге 2026 жылы ресми түрде қосылуға тиіс.

Науқан

Әлемнің ең бай адамына тиесілі компания қазір Қазақстанда жаңа тұтынушы тарту мақсатында науқан жүргізіп жатыр. Енді жылдам интернетке қосылғандар үш ай бойы бар болғаны 11 500 теңге төлейді.

Мұндай жеңілдік 2026 жылғы 30 маусымға дейін созылады. Тиімді баға Residential тарифіне ғана жүреді.

«Стриминг, қашықтан атқарылатын жұмыс, ойын және басқа да міндеттер үшін жылдам әрі сенімді үй интернетін алыңыз», – деп ұсынды SpaceX.

Үш ай өткен соң тұтынушылар Residential үшін 23 мың теңге төлейді. Бірақ ол үшін бір реттік құрылғы алу қажет болады. Бағасы 201 теңге тұрады.

Кімге тиімді?

Starlink шалғай елдімекенде, таулы аймақтарда тұратындар үшін аса тиімді. Мобильді операторлар желісі дұрыс ұстамайтын ауылдар спутниктік интернет көмегіне жүгіне алады.

Қашықтан жұмыс істейтін фрилансерлерге тұрақты интернетпен жұмыс істеген ыңғайлы. Өйткені ғаламтордағы Zoom, Teams, Google Docs секілді кейбір платформа жылдамдықты талап етуі мүмкін.

Отбасы, әсіресе бірнеше адам бір мезгілде интернет қолданатындар (4K видео, онлайн ойын, телефон, компьютер, теледидар) осы желіне таңдай алады.

Қонақүй, дүкен, кафе, ферма ұстайтын шағын бизнес иелері үшін де Starlink тиімді болуы мүмкін. Саяхатшылар мен көшпелі өмір салтын ұстанатындар үшін Roam тарифі ыңғайлы.

Сондай-ақ оқыңыз