Танысын пышақтаған алматылық студент сот залынан босатылды

Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттерінің арасындағы дау сотта қаралды. Нәтижесінде танысын жарақаттаған студент сот залынан босатылды.
Істің мән-жайы
Бұған дейін желіде студенттер арасында жанжал шығып, біріне пышақ сұққаны туралы ақпарат тарады. Алайда қылмыстық іс материалдарында Абзал Сағынбектің автокөлік кілтін қалтасынан шығарып, танысы Кенжехан Қадырды жарақаттағаны айтылған.
Кенжехан Қадырдың денесіне шаншып-кесілген жаралар анықталған. Оның ішінде оң жақ жауырынының төменгі бөлігі, оң жақ кеуде қуысы, оң жақ бел аймағы, оң жақ иықтың жоғары жағы кесілген. Медициналық құжатта мұны денсаулыққа жеңіл зиян келген деп бағалаған.
Қылмыстық кодекс бабы өзгерді
Оқиға 2026 жылдың 2 ақпанында болған. 4-курс студенті Абзал Сағынбек 13 ақпанда қамауға алынған. Оған қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігінде (бұзақылық) көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген айып тағылып, іс осы баппен сотқа берілген. Ол үкім шыққанға дейін 81 күн қамауда отырған.
Алайда істі қараған судья қылмыстық істің бабын ауыстырды. Студенттің әрекетін қылмыстық кодекстің 108-1-бабының 1-бөлігіне (денсаулыққа қарасақана жеңіл зиян келтіру) саралап, Абзал Сағынбекті 25 күнге қамау туралы үкім шығарды.
Осылайша судент 56 күн заңсыз қамауда отырған болып есептеледі.
Жәбірленуші студент сотталушыдан 1 550 000 теңге материалдық және 5 000 000 теңге моральдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап жолдаған. Сот бұл өтінішті ішінара қанағаттандырды. Осылайша сотталған Абзал Сағынбек танысы Кенжехан Қадырға 500 000 мың теңге төлейді.
Сондай-ақ сотталған заңсыз қамауда отырған күндері үшін мемлекеттен ақша өндіріп алуға құқылы.
Айта кетейік, Алматыда екі жасөспірім Дінмұхамед Есенгелді мен Ешім Қасымбек пышақ жарақатынан қайтыс болды. Полиция «адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Болған жағдайдан кейін жалпы 12 адам қамауға алынды.