
Қазақстанда ең төменгі жалақы көлемі шамамен екі есеге ұлғайып, 150 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін екені бір айдан бері жиі айтылып жүр. Алайда ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин көпшілікті қуантуға асығар емес.
«Қуанта алмаймын»
Вице-премьер Жұманғарин 8 мамырда Астанада өткен брифингте төменгі жалақы көлеміне қатысты сауалға аса сақтықпен жауап берді.
«Қазір біз осы мәселемен айналысып жатырмыз. Сонымен шұғылданатын арнайы жұмыс тобы бар. Төменгі жалақы көлемін көтереміз бе? Қаншаға дейін көтереміз? Бұның бәрі бюджет мүмкіндігіне байланысты болады», – дейді Жұманғарин.
Оның айтуынша, осы сұрақтардың дәл жауабы жақында мәлім болады.
«Қазір бір 2027-2029 жылдарға арналған үш жылдық бюджет жобасын әзірлеп жатырмыз. Жалақының осындай деңгейінде жұмыс істейтін азаматтарды қуантқым-ақ келеді. Бірақ «иә, көтереміз» деп айту үшін бәрін дұрыстап есептеп шығу қажет. Өйткені оның белгілі бір салмағы бюджетке түседі», – деп түсіндірді министр.
Жарты жыл күтеміз
2026 жылы төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге. Ол 2024, яғни үш жылдан бері өзгерген жоқ. Ал кейінгі жылдары республикада инфляция жоғары болып, теңге айтарлықтай құнсызданғаны мәлім.
Төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін екенін биыл 15 сәуірде ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтқан. Бірақ ол да мұндай өзгерісті нақты уақытта күтуге болатынын ашып көрсетпеген.
Жұманғариннің сөзіне сенсек, оң өзгеріс болса, оны тек 2026 жылдың аяғында күту керек. Өйткені алдағы жылдардағы республика бюджеті әдетте желтоқсанда бекітіледі.