Экономика

Иранмен арадағы соғыстан миллиардтап пайда тауып жатқан компаниялар

Соғыста пайда тапқан негізгі салалар / фото: gemini AI

Әлем халқы АҚШ пен Израильдің Ирандағы соғыс зардабын тартып жатқанда, кейбір компаниялар керісінше орасан зор пайда көруде. Ормұз бұғазының жабылуы мен нарықтағы белгісіздік өмір сүру құнын қымбаттатқанымен, соғыс жағдайында жұмыс істейтін секторлар рекордтық нәтижелерге қол жеткізді. Қазіргі қақтығыстардан миллиардтап табыс тауып жатқан негізгі салалар төмендегідей.

Мұнай және газ саласы

Соғыстың ең үлкен әсері – энергия ресурстары бағасының күрт өсуі. Ормуз бұғазы арқылы тасымалдың тоқтауы мұнай-газ алпауыттарына үлкен табыс әкелді. Әсіресе, бағаның құбылуын тиімді пайдаланған BP, Shell және TotalEnergies компанияларының пайдасы бірнеше миллиард долларға артты. Америкалық ExxonMobil мен Chevron да жеткізудегі кедергілерге қарамастан, мұнай бағасының жоғары болуына байланысты сарапшылардың болжамынан асып түсті.

Ірі банктердің табысы

Қаржы нарығындағы тұрақсыздық ірі банктер үшін тиімді болды. JP Morgan бастаған Уолл-стриттің «үлкен алтылығы» 2026 жылдың алғашқы үш айында жалпы алғанда 47,7млрд доллар пайда тапқан. Инвесторлардың тәуекелі жоғары активтерден қашып, қауіпсіз салаларға ақша салуы және сауда-саттық көлемінің артуы банктердің комиссиялық табысын рекордтық деңгейге көтерді.

Қорғаныс және қару-жарақ саласы

Қақтығыстың ең тікелей пайдасын қорғаныс секторы көріп отыр. Әуе қорғанысы мен дронға қарсы жүйелерге деген сұраныс үкіметтерді әскери шығындарды арттыруға мәжбүр етті. Lockheed Martin, Boeing және Northrop Grumman сияқты алпауыттар 2026 жылдың басында тапсырыстар көлемі бойынша рекорд жаңартты. BAE Systems компаниясы да әлемдегі қауіпсіздік қатерлерінің артуына байланысты биыл табыстың едәуір өсетінін болжап отыр.

Жаңартылатын энергия көздері

Қазба отынының қымбаттауы мен жеткізудегі қиындықтар баламалы қуат көздеріне деген қызығушылықты арттырды. Бұл жағдай NextEra Energy, Vestas және Orsted сияқты «жасыл» энергия компанияларына инвестиция ағынын тездетті. Сонымен қатар, бензин бағасының өсуіне байланысты күн панельдері мен электромобильдерге сұраныс күрт артты. Бұл мүмкіндікті әсіресе күн панельдерін сатушылар мен қытайлық электромобиль өндірушілері сәтті пайдалануда.

Айта кетейік, Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі әлемдік экономикаға үлкен салмақ салып жатса да, Қазақсан бұл жағдайдан пайда көріп отыр