Алматы стадионы Чемпиондар лигасы өтетін ареналар тізіміне енді

Жарияланды
фото: Treads.com/adilbaltabayev

Stadiumdb.com порталы болашақта Чемпиондар лигасының матчтарын қабылдауы мүмкін ең таңдаулы стадиондардың жобаларын жариялады, деп хабарлайды Sports.kz. Бұл тізімге Барселона (Испания), Милан, Рим, Неаполь (Италия), Париж (Франция), Стамбул (Түркия), Лондон, Манчестер, Ньюкасл (Англия), Лиссабон (Португалия) және Алматы (Қазақстан) қалаларындағы жаңа ареналардың жобалары кірді.

фото: stadiumdbcom инстаграм арнасы

Дереккөздің мәліметінше, Чемпиондар лигасы мен өзге де ірі турнирлер үшін ең көп күтілетін жобалар қатарында Милан мен Интердің жаңа жоспарлары, «Наполидің» болашақ үйі және Барселонадағы қайта жөндеуден өтіп жатқан «Камп Ноу» бар. Сондай-ақ «Арсенал» өз стадионын 80 мың орынға дейін кеңейтуді көздесе, «ПСЖ» тіпті 90 мың адамдық арена салуды жоспарлап отыр. Осы алпауыттардың қатарында Алматының «Қайраты» да стадионның футуристік үлгісін ұсынып, Чемпиондар лигасына ұмтылған клубтардың амбициясы тек алаңда емес, архитектурада да көрініс табатынын дәлелдеді.

Алматы әкімдігінің ақпараты бойынша, бұл нысан Қазақстандағы ең үлкен футбол стадионы болмақ. Бастапқыда жоба 35 мың адамға есептелгенімен, кейінірек сыйымдылығын 45 мың орынға дейін арттыру туралы шешім қабылданды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2027 жылдың IV тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда. «Қайраттың» жаңа үй аренасы Құлжа тас жолы мен әуежайға баратын жолдың аралығында орналасады. Нысан УЕФА-ның ең жоғары IV санатына сәйкес келеді, бұл кез келген деңгейдегі халықаралық матчтарды, соның ішінде ірі турнирлердің финалдарын өткізуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстандағы ауқатты адмадар отандық футбол клубтарды сатып алуда.

Сондай-ақ оқыңыз