2026 жылғы негізгі ҰБТ басталды: бүгін 926 оқушы тестілеуден өтеді

Бүгін негізгі ҰБТ-2026 басталды, тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
ҰБТ-ға қатысушылар саны
240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген. Оның ішінде тапсырушылардың 74%-ы қазақ тілінде, 26%-ға жуығы орыс тілінде, 851 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
«Өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. ҰБТ-ның бірінші күні бүкіл еліміз бойынша 926 адам, оның ішінде елордада 359 талапкер тестілеуден өтеді», – деді Ұлттық тестілеу орталығының директора Нұрсейіт Байжанов.
Ең танымал комбинациялар
Оның айтуынша, ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика-Физика» болып қалып отыр. Оны түлектердің 17,9%-ы таңдады.
Талапкерлердің инженер, мұғалім, энергетик, құрылысшы және басқа да техникалық мамандықтарға деген ұмтылысы басымырақ.
Келесі «Биология-Химия» комбинациясы (14,5%) және шығармашылық бағытқа қызығушылық танытқан талапкерлерді тартатын «Шығармашылық емтихан» комбинациясы (12,4%) түлектердің арасында танымал.
ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады
2026 жылы ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл 140 балды құрайды.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.
Апелляцияға өтініш
Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген тестіленушілердің сертификаты апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Минималды шекті балдар өзгеріссіз қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу шекті балы – 65 балл, басқа ЖОО-на 50 балл, «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – 75 балл, «Денсаулық сақтау» білім беру саласы бойынша – 70 балл, «Құқық» даярлау бағыты бойынша – 75 балл.
Бұл ретте «Қазақстан тарихы» және ҰБТ-ның екі бейіндік пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндері бойынша кемінде 3 балдан жинау қажет. Жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша өздерінің шекті балдарын белгілей алатынын айта кеткен жөн.
Айта кетейік, Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева ҰБТ-ны бір рет тапсыру форматы қолға алынатынын хабарлаған еді.
Оның айтуынша, ҰБТ-ны грант конкурсы үшін бір рет қана тапсыру жүйесіне көшіру ұсынылып отыр.
Аида Балаева бұл шешім грант бөлу кезінде әділдік пен объективтілікті қамтамасыз етеді деген .