Бүгін Қазақстанда Аналар күні тойланып жатыр

Бүгін, мамырдың екінші жексенбісінде, Қазақстан Аналар күнін атап өтуде. Биыл айтулы мереке 10 мамырға сәйкес келді.
Бұған дейін елімізде Аналар күні қыркүйек айында тойланатын. Алайда, Үкіметтің 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысына сәйкес, мереке мамыр айының екінші жексенбісіне бекітілді. Мереке датасы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында ауысты.
Аналар күнін мамырдың екінші жексенбісінде тойлау дәстүрі әлемнің 20-дан астам елінде қалыптасқан. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Германия, Италия, Түркия, Жапония, Бразилия мен Аустралия сияқты мемлекеттер бар.
Елімізде аналардың мәртебесін көтеріп, отбасы институтын нығайту бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан «Аналар кеңесі» құрылған.
Бүгінде республика бойынша Аналар кеңесінің 1 713 бөлімшесі жұмыс істейді, оның ішінде 17 облыстық, 56 қалалық, 159 аудандық және 1 481 ауылдық бөлім бар, ал кеңес құрамында 16 051 әйел қызмет атқарады.
Айта кетейік, әкелер күні бір айдан кейін – маусым айының үшінші жексенбісінде тойланады.