27 жастағы қазақ жігіті Түркияда жол апатынан қаза тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Құбат Аманбеков Анталияда жол апатынан қайтыс болды
Құбат Аманбеков бес жұлдызды қонақ үйде істеген / фото: nefes.com

11 мамырға қараған түні Түркияның Анталия қаласында 27 жастағы Құбат Аманбеков жол апатынан қаза тапты. Ол жергілікті қонақүйде бармен болып істеген.

Түрік баспасөзінің мәліметінше, қайғылы оқиға жергілікті уақытпен түнгі сағат 3 шамасында Анталияның Серік ауданында болған. Жұмыстан велосипедпен қайтып келе жатқан Аманбековті такси көлігі қағып кеткен.

«Соққы жас велосипедшіні бірнеше метрге лақтырып жіберген», – деп сипаттады Alanya басылымы.

Басылым дерегінше, жергілікті тұрғындар полиция мен жедел жәрдем шақыртқан. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер оның ауыр соққыдан жан тапсырғанын анықтады.

Қонақүйде істеген

Мәліметтерге қарағанда, марқұм Серік ауданындағы без жұлдызды қонақ үйлердің бірінде істеген. Жас жігіттің қазасы туралы хабарды әріптестері ауыр қабылдаған.

Прокуратура марқұмның сүйегін Анталия сот медицина институтының мәйітханасына жеткізген.

Такси жүргізуші полицияға түсті

Түрік баспасөзі адам қаққан такси көлігі жергілікті AC компаниясына тиесілі екенін, О.А. есімді жүргізуші ұсталғанын жазды. Ол полиция бөлімінде тергелген.

Билік жол апатының себебін анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз