Health

ДДСҰ круиздегі кемеде хантавирус жұқтырғандар саны көбейгенін мәлімдеді

MV Hondius лайнерінде хантавирус таралды
Круизге шығатын кемеде хантавирус тарады / фото: REUTERS/Pedro Nunes

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) MV Hondius кемесімен круизге шыққан тоғыз адамның хантавирус жұқтырғанын анықтады. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

Жолаушылар вирус жұқтырды

11 мамыр, дүйсенбі күні, ДДСҰ хантавирус (Andes virus штаммы) жұқтырған азаматтар туралы мәліметті жаңартты. Алдында жетеу болған. Франция екі жолаушының вирусқа шалдыққанын анықтаған соң, науқастардың жалпы саны тоғызға жетті.

Ұйым мәліметінше, жұқпалы аурудан барлығы үш адам қайтыс болған.

Қазір круизден оралған лайнер Испанияның Тенериф аралында тұр. Жергілікті билік оны портқа кіргізбей, зәкірді ашық теңізге тастауды бұйырған.

Енді кемедегі жолаушыларды катерлермен эвакуациялап, өз елдеріне жіберіп жатыр. Олардың арасында Испания, Германия, Нидерланд, АҚШ және Франция азаматтары бар. Жолаушылар 42 күн бойы карантинде болуға тиіс. Экипаждың бір бөлігі сонда қалып, лайнерді Нидерландқа жеткізеді.

Қауіпті ауру

Хантавирус – негізінен кеміргіштер (тышқандар, егеуқұйрықтар) арқылы тарайтын қауіпті жұқпалы ауру. Ол адамның өкпесі мен бүйрегін зақымдауы мүмкін.

Вирус адамға ауа, тозаң, тағам арқылы жұғады. Вирус түскен заттарды ұстап, кейін қолды жумай ауызға, мұрынға немесе көзге тигізгенде, яғни тікелей байланыс жасағанда жұғуы мүмкін. Мамандар оның адамнан-адамға тарайтынын ескертіп отыр.

Инкубациялық кезең әдетте бір аптадан сегіз аптаға дейін созылады. Алғашқы белгілері тұмауға өте ұқсас келеді: дене қызуы көтеріліп, дене сырқырайды. Бас ауырып, жүрек айниды.

Асқынған уақытта тыныс алу қиындап, науқас жөтеледі. Өкпеге сұйықтық жиналады. Өліп кету қаупі жоғарылайды. Бүйрекке салмақ түсіп, бел ауырады, іштен қан кетеді.

Әзірге хантавирусқа қарсы арнайы вакцина немесе дәрі жоқ.