
Алматыда аптап ыстыққа байланысты жедел жәрдем шақыратындар саны артқан. Екі аптаның ішінде 33 мыңнан аса шақыру түскен.
Ішінде қан қысымының көтерілуі, жүрек-қан тамыры аурулары, жүректің ишемиялық ауруы мен жедел миокард инфаркті көп тіркелген. 50-ге жуық науқас шұғыл түрде қалалық ауруханаларға жеткізілген.
Дәрігерлер тұрғындарға сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін күннің астында жүрмеуге, көп су ішуге, бас киім киюге кеңес беріп отыр. Денсаулығыңыз нашарласа, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Медициналық қарсы көрсетілім болмаса, ересектерге тәулігіне кемінде 2 литр су ішу ұсынылды. Сонымен қатар алкоголь, тәтті газдалған сусын және кофені шамадан тыс тұтынуды шектеу керек.
Синоптиктер болжамына сәйкес, Алматыда 15 шілдеде түнде ауа температурасы +21…+23°C, күндіз + 33…+35°C болады.