
2025 жылдың қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» операторының таза пайдасы шамамен екі есе өсіп, 147 млрд теңгені құрады.
KASE биржасындағы деректерге сәйкес, көрсеткіштің өсуіне түсімнің 17,7%-ға, яғни 568,2 млрд теңгеге дейін ұлғаюы себеп болды. Сонымен қатар негізгі қызметінен түскен пайдасы (операциялық табысы) 1,5 есе артып, 94,5 млрд теңгеге дейін көтерілді.
«Қазақтелеком» активтері өткен жылмен салыстырғанда 14,5%-ға азайып, 1,4 трлн теңгені құрады. Бұл айналымдағы активтер сомасының үш еседен астам, яғни 247,2 млрд теңгеге дейін қысқаруына байланысты.
Міндеттемелер 14,5%-ға төмендеп, 673,5 млрд теңге болды. Көрсеткіштің өзгеруіне қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді мемлекеттік субсидиялар, сондай-ақ қарыздар көлемінің өсуі әсер етті.
Меншікті капитал 731,1 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылдың қорытындысынан 14,5%-ға аз. Бөлінбеген пайда 17,1%-ға қысқарып, 622,3 млрд теңгеге дейін төмендеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы телеком-оператор «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ін (Tele2 және Altel брендтері) катарлық Power International Holding (PIH) компаниясына 1,1 млрд долларға сатқан еді.
Бұған дейін «Қазақтелеком» акционерлеріне 7,6 млн доллар, яғни 3,53 млрд теңге дивиденд төлейтінін жазған едік.