
Отандық кинонарықта өзіндік қолтаңбасы бар «Хотя бы кинода» франшизасының төртінші бөлімі үлкен экранға жол тартып, алғашқы аптасында-ақ көрермендердің қызуғышылығын арттырды.
Режиссер Ернар Нұрғалиев фильмнің динамикасына айтарлықтай әсер етіп, комедиялық драйвқа толы туындыға айналдырды. Алайда фильм күлкілі болғанымен, өзінің бастапқы мағынасынан алыстап кеткендей әсер қалдырады.
Нұржан Төлендиевтің кинодағы дебюті
Бұл жолғы бөлімнің басты ерекшелігі – танымал әзілкеш Нұржан Төлендиевтің кино әлеміндегі дебюті. Осы уақытқа дейін оннан астам жобалардан бас тартқан актердің дәл осы сценарийге тоқтауы тегін емес. Ол сомдаған Абдан есімді кейіпкердің харизмасы мен өзіне ғана тән сөйлеу мәнері туындының басты «фишкасына» айналған.
Сюжет желісі бойынша басты кейіпкер Қайрат (Қайрат Әділгерей) отбасымен қауышу үшін Вьетнамға аттанып, жиырма жыл бұрын елден қашқан алаяқ әрі есірткі саудагерін ұстап әкелуге тиіс. Оған серік ретінде франшизаның алғашқы бөлімдерінен таныс кейіпкерлер қулығына құрық бойламайтын хатшы Жанар (Гүлназ Жоланова) мен есі ауысқан бұрынғы арнайы жасақ сарбазы Ербол (Шерхан Пірназар) қосылады.

Жауыр болған сюжет
Фильмнің техникалық жетістіктеріне қарамастан, көрерменді ойландыратын тұстар да жоқ емес. Түсірілім тобының Вьетнамға барып жұмыс істеуі бүгінде ешкімді таңқалдыра алмайды. Керісінше, соңғы кездері қазақ киносында шетелге барып түсіру тенденциясы тым көбейіп, көрерменді мезі етіп жібергендей. Бұған дейінгі «Кімге керексің?», «Гәп», «Солай болып қалды» сияқты фильмдердің шетелдік локацияларға сүйенуі әдістің әбден жауыр болғанын көрсетеді. Оның үстіне, Қайрат Әділгерейдің сомдайтын образдары мен актерлік ойыны да бір сарынды болып кеткені байқалады. Бір жобадан екінші жобаға ауысатын ұқсас мінез-құлық пен әрекеттер талғампаз көрерменді жалықтырып жібергендей әсер қалдырады.
Тамырынан ажыраған фильм
Сонымен қатар, фильмнің комедиялық жағынан өсуі оның мазмұндық тереңдігінің жоғалуымен қатар жүріп жатыр. Алғашқы бөлімдегідей қоғамның дертін дөп басатын өткір әлеуметтік сатира мен жемқорлықты әжуалайтын ащы ирония бұл жолы мүлдем жоқ. Туынды қоғамдық маңызы бар мәселелерден алыстап, жай ғана жеңіл, көңіл көтеретін экшн-комедия деңгейіне түскен. Фильмнің «Хотя бы кинода» деген атауы бастапқыда «ең болмаса кинода әділдік орнасын» деген үмітті білдірсе, енді ол жай ғана танымал бренд ретінде қалып қойғандай.
Қорыта айтқанда, төртінші бөлім тамырынан ажыраған, бірақ өз жанрында сапалы жасалған дүние. Нұржан Төлендиевтің харизмазы мен Қанат Әлжаппаровтың әзілдері ғана фильмді алып шықты десе болады. Фильмнен терең әлеуметтік мән іздеген көрерменнің көңілі сәл суығанымен, сүйікті әртісін көріп, күліп, демалуды көздеген қауым үшін туынды бір көруге болатын фильм.