Маңғыстауда мұғалім кәуапқа қақалып қайтыс болды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: shutterstock
фото: shutterstock

Маңғыстауда мұғалім кәуапқа қақалып қайтыс болды. Қайғылы оқиға 10 мамыр күні мектеп ұжымының табиғат аясында тынығуы кезінде болған.

Qaz365.kz хабарлауынша, Ақтау қаласындағы мектептердің бірінің қызметкерлері Маңғыстау ауданындағы Жармыш ауылы маңында орналасқан Аралбай сарқырамасына демалысқа барған.

Далада дастарқан басында отырған кезде 56 жастағы ер адам кәуаптың сүйегіне қақалып қалған. Өкінішке қарай, оған дер кезінде көмек көрсетілмеген. Ол оқиға орнында көз жұмған.

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша жан-жақты тексеру басталғанын хабарлады.

Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Құқық қорғау органдары азаматтарды табиғат аясындағы демалыс кезінде барынша сақ әрі мұқият болуға шақырды.

Айта кететін жайт, рұқсат берілмеген жерде от жаққандарға айыппұл салынады. Демек, кез келген жерде кәуап пісіруге болмайды. Бұл туралы Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз