Қазақстанда экономикалық қылмыс жасағандардың аты-жөні ашық жарияланады

Қазақстанда экономикалық қылмыс жасаған тұлғалар мен заңсыз істерге араласқан компаниялардың арнайы тізімі жарияланады. Экономикалық қылмысқа бюджет қаржысын жымқыру, жалған ақша жасау, қаржы пирамадасын құру, салықтан жалтару, контрабандамен айналысу, ақша жылыстату, тұтынушыларды алдау жатады.
Бұл тізім қоғам мен кәсіпкерлерді қаржы алаяқтығы пен қауіпті келісімшарттардан сақтандыру үшін құрылып отыр.
Оған экономикалық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот үкімімен кінәлі деп танылған азаматтардың аты-жөні, туған жылы, қылмыс түрі және тергеу жүргізген орган туралы мәліметтер енгізіледі.
Сондай-ақ заңсыз істерге пайдаланылған компаниялардың атаулары, олардың бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (БСН) және қаржы пирамидаларының толық тізімі көрсетіледі.
Қаржылық мониторинг агенттігі ақпаратты өз сайтында тоқсан сайын жариялап отырады. Тек соттылығы өтелген, адам қайтыс болған немесе компания ресми түрде жабылған жағдайда ғана деректер тізілімнен алынып тасталады.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев капиталдың сыртқа заңсыз кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді деп мәлімдеген.