«ҚазМырыштағы» жарылыстан зардап шеккен адамға Астанада ота жасалды

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
«ҚазМырыштағы» жарылыстан зардап шеккен адамға Астанада ота жасалды / Фото: ЖИ көмегімен жасалған

«ҚазМырыш» металлургиялық алаңындағы апаттан кейін зардап шеккендердің бірі Астанада ем алып жатыр, деп жазды «ҚазАқпарат«.

Әңгіме 5 мамырдағы жарылыс кезінде омыртқасынан ауыр жарақат алған жұмысшы туралы болып отыр. Оны Өскеменнен тасымалдау үшін санитарлық авиация тартылды. Бүгін пациентке ота жасалды.

«Таңертең ота өтті, омыртқасына металлофиксатор орнатылды. Жалпы жағдайы жақсы. Біз дәрігерлермен тұрақты байланыстамыз, жұмыс іс жүзінде тәулік бойы жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады «ҚазМырыш» ЖШС басқарушы директоры Андрей Лазарев.

Оның айтуынша, қазір зардап шегушінің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

«Біз елордадағы мамандандырылған көмек деңгейі жоғары екенін түсіндік, сондықтан санитарлық авиациямен бірлесіп, пациентті Астанаға жеткізуді ұйымдастырдық», – деп атап өтті ол.

Бұл ретте дәрігерлер әзірге денсаулықтың қалпына келуіне қатысты ұзақ мерзімді болжам жасаудан тартынып отыр. Медицина қызметкерлері бақылауды жалғастыруда және пациенттің жағдайын тұрақтандыру мен одан әрі оңалту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.

Еске салайық, бесінші мамырда таңертең Өскеменде «Қазмырыш» компаниясына тиесілі зауытта жарылыс болды. Цехтың 220 шаршы метрі опырылып түсті. Екі адам қайтыс болып, тағы бесеуі жарақат алды.

Кейінірек компания қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің отбасына материалдық қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз