Жаңалықтар

«ҚазМырыштағы» жарылыстан зардап шеккен адамға Астанада ота жасалды

«ҚазМырыштағы» жарылыстан зардап шеккен адамға Астанада ота жасалды / Фото: ЖИ көмегімен жасалған

«ҚазМырыш» металлургиялық алаңындағы апаттан кейін зардап шеккендердің бірі Астанада ем алып жатыр, деп жазды «ҚазАқпарат«.

Әңгіме 5 мамырдағы жарылыс кезінде омыртқасынан ауыр жарақат алған жұмысшы туралы болып отыр. Оны Өскеменнен тасымалдау үшін санитарлық авиация тартылды. Бүгін пациентке ота жасалды.

«Таңертең ота өтті, омыртқасына металлофиксатор орнатылды. Жалпы жағдайы жақсы. Біз дәрігерлермен тұрақты байланыстамыз, жұмыс іс жүзінде тәулік бойы жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады «ҚазМырыш» ЖШС басқарушы директоры Андрей Лазарев.

Оның айтуынша, қазір зардап шегушінің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

«Біз елордадағы мамандандырылған көмек деңгейі жоғары екенін түсіндік, сондықтан санитарлық авиациямен бірлесіп, пациентті Астанаға жеткізуді ұйымдастырдық», – деп атап өтті ол.

Бұл ретте дәрігерлер әзірге науқастың толық сауығуына қатысты бірдеңе деуге тартынып отыр. Медицина қызметкерлері бақылауды жалғастырып, пациенттің жағдайын тұрақтандыру мен одан әрі оңалту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқаны хабарланды.

Еске салайық, бесінші мамырда таңертең Өскеменде «Қазмырыш» компаниясына тиесілі зауытта жарылыс болды. Цехтың 220 шаршы метрі опырылып түсті. Апаттан кезінде екі адам қайтыс болып, бесеуі жарақат алды. 12 мамыр күні күйік шалған адамның бірі қайтыс болды.