Ыбықты сай шатқалына жазу жазған вандал 25 тәулікке қамауға алынды

Маңғыстау облысында Ыбықты сай шатқалындағы вандализм фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды облыстық полиция.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында полиция қызметкерлері аталған шатқал аумағындағы тастарға ер адамның өзінің тегін, атын және автокөлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін жазып кеткенін анықтады. Заң бұзушы Маңғыстау облысының 21 жастағы тұрғыны болып шықты.
«Вандализм фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімімен оған 25 тәулік мерзімге қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды. Қазіргі уақытта ол тұтқындалып, тергеу изоляторына қамалды», – делінген хабарламада.
Полиция табиғи нысандарға, тарихи-мәдени мұра нысандарына және ескерткіштерге жазулар жазуға немесе сурет салуға жол берілмейтінін ескертті. Сондай-ақ, құқық қорғаушылар мұндай заңсыз әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің мамандары, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының өкілдері тарихи мұраны сақтау ережелері мен вандализм үшін жазаның қатайтылатынын мәлімдеген.